Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Актриса Айым Сейтметова өзіне Кореяда жасалған ота туралы айтып берді

Отандық киноларда бой көрсетіп жүрген актриса Айым Сейтметова денсаулығы сыр беріп, ота жасатқанын айтты. Өміріндегі ең ауыр оқиғаны бүкпесіз баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мамский әңгіме” подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Актриса әпкесінің жұмыстарымен Корея еліне барған. Алайда жоспарының күл-талқаны шығып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Жанында қазіргі жолдасы Талғат та болған.  

"Мен үшін ол күндерді еске түсіру өте ауыр. Сол кезде Талғат екеуіміздің араласып жүргенімізге екі аптадай ғана уақыт болған. Әпкем денсаулығына байланысты операция жасатуы керек болған. Ол ауруханада жатуы керек еді. Оның орнына мен ауруханаға түсіп қалдым. Ауыр сәттер болды", – деп бастады әңгімесін актриса.

Кореялық дәрігерлердің біліктілігінің арқасында Айым бір ажалдан аман қалған. Дәрігерлер дереу ота жасау керегін айтады.  

"Ішіме қан кете бастады. Негізі айтатын нәрсе көп, бірақ қысқаша айтып берейін. Сол кезде Талғат маған өте қатты қолдау көрсетті. Сондықтан қатты мазасыздана қоймадым. Қасымда әкем жүргендей сезім болды. Операцияға ақша жинадық. Маған сол елде кореялық азаматтың қанын құйды. Абырой болғанда, жара жеңілдей түсті. Бірақ ішім қанға толы болды. Екіқабат секілді жүрдім. Осылайша мені Алматыға жіберді. Бастапқыда әрең жіберді. "Жарайды, өліп қалсам жауапкершілікті өзіме аламын" дедім. Егер өліп қалсам жауапкершілікті өзіме алатыным туралы қолхат жазып бердім. Алматыға келген кезде маған операция жасалды. Елге жеткенше ұшақта жатып келдім", – деп еске алды сол кезді актриса.

Актрисаның айтуынша қазір денсаулығы бір қалыпты десек те күтім керек екенін жасырмады. 

Еске салайық, Айым – танымал жұлдызды жұп Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанованың қызы. Осыдан бес жыл бұрын Талғат есімді жігітке тұрмысқа шығып, былтыр қызды болғанын сүйіншілеп жазған едік.  

 

Талқылау