Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық ару 1,5 жылдан бері табылмай жатыр
Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз бір жарым жылдан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы алғашқы кезде анасымен үнемі хабарласып тұрған. Тапқан табысын жіберіп отырған. Енді қызынан хабар ала алмай жүргенін айтады.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеді. Жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалады. Анасына баспана алып бермек ниетпен табысы көп жұмыс іздейді. Осы мақсатта 2019 жылы Кореяға кетеді.
“Үнемі байланыста болды. Бір емес, екі рет шығатын. Жұмыс орнын көрсететін. Қайда істеп жатқанын, зауыттарын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен мәселе болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды жұмыс табу үшін. Үйге қайт дегенде: “Мам, үйге барғанда не істеймін? Табыс жоқ. Әйтеуір келгеннен кейін бірдеңесін жинап-теріп, мүмкін, бірдеңе аламыз” дейтін, сондай ниетпен кетті ғой”, – дейді қыздың анасы Айгүл Болсаева.
35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілді. Өзін қоярға жер таппаған ана қызын тауып беремін деген айлакерлерге тап болып, 10 млнға жуық ақша берген.
“Міне, бір жарым жыл болды. Мен білмеймін қайда екенін. Барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп отырғызып кетті үлкен ақшаға. Сөйтсе аферистка боп шықты. Енді білмеймін кімге сенуге болады? Қалай іздеуге болады? Мен білмеймін”, – дейді Айгүл Болсаева.
Анасының баспаған табалдырығы, ашпаған есігі қалмады. Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын "Корея көмек" қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те отандасымызды іздеуге атсалысып келеді.
“Альбина деген қарындасымызды да ҚР Оңтүстік Кореядағы елшілігі өте жақсы көмектесіп, барлық жерге ақпараттарды таратып, тергеу және құқық қорғау органдарымен 3-4 рет кездесу өткізді. Біздің өзіміз Корея көмек Альбинаның мамасымен тікелей байланыс орнатып, Кореяның 72 мәйітханасына барып, өлгендердің арасында бәлкім бар шығар деп алайда өлгендердің қатарында да, миграциялық бөлімге, түрмеге түскендердің қатарында қарындасымыздың тізімі әлі анықталған жоқ”, – дейді “Корея көмек” қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов.
Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы – заңсыз мигрант. Жылына сол елде із-түссіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтардың саны 11 мыңнан асады.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
