Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қор қызметкерімін деп қоңырау шалады": Зейнетақы қоры қазақстандықтарға ескерту жасады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) алаяқтық әрекеттерге байланысты салыршыларға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар салымшыларды алдаудың жаңа әдісін ойлап тапқан.

"3 қыркүйекте БЖЗҚ филиалдарының біріне жергілікті ұйымның есепшісі хабарласып, өзін "қор қызметкерімін" деп таныстырған. Ол белгісіз біреудің транзиттік шоттардың тұтқындалуына байланысты компания қызметкерінің зейнетақы шоты бұғатталғанын айтып, телефон соққанына шағымданған. Телефон соққан адам бұғаттауды жою үшін есепшіден "сот орындаушысымен" байланысуды сұраған. Ал "сот орындаушысы" есепшіге қарыз сомасын өзі көрсеткен есепшотқа аударуды ұсынған. Бұл әрекет орындалмаған жағдайда, компанияға зейнетақы жарналарын уақытылы аудармағаны үшін айыппұл салынатыны ескертіледі. Өз кезегінде "БЖЗҚ" АҚ филиалының қызметкерлері жағдайды саралағаннан кейін, есепшіге ақша жібермеу туралы кеңес берді”, – делінген қор хабарламасында. 


Қазақстандықтарға жалған теңге сатып алу ұсынылып жатыр: Ұлттық банк ескерту жасады


Қордың қауіпсіздік қызметі қоңырау шалынған ұялы телефондардың нөмірлерін тексерді. Ашық көздерден аталмыш нөмірлердің "И.Ю" деген біреудің атына тіркелгені анықталды. 

Қор азаматтарды БЖЗҚ қызметкерлерінен күдікті қоңыраулар, SMS және мессенджерлер арқылы хабарламалар түскен жағдайда мұқият болуға шақырады:

- зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен мерзімділігін "БЖЗҚ" АҚ емес, салық органдары бақылайды;

- БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан қаражатты белгілі бір шоттарға аударуды талап етпейді және дербес немесе өзге де деректерді сұрамайды.

“Барлық сауалыңызға жауап алып, ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтан: enpf.kz сайты, ұялы қосымша арқылы, байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу, сондай-ақ +7 777 000 1418 нөмірімен WhatsApp арқылы, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы да тексере аласыз”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда зейнетақы өсетіні туралы жазған едік. 

Талқылау