"Көпшілігі жағдайы нашар отбасынан шыққан": Ақтаулық кәсіпкер ұрлықпен айналысатын бір топ жеткіншектің жазасыз жүргеніне наразы
Ақтауда 12-13 жас аралығындағы бір топ жасөспірім дүңгіршектер мен дүкендерден жүйелі түрде ұрлық жасап жүр. Кәсіпкер Әлібек Оразбаев олардың бұл әрекеті тек ата-аналарына айыппұл салумен ғана жазаланғанын айтты. Сондықтан жеткіншектер ұрлық ісін тыймауда екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
"Ақбота" саябағында кәсіппен айналысатын ақтаулықкәсіпкердің айтуынша қылмыстар бейнебақылау камераларына түсіп қалғанымен, кәмелетке толмаған ұрылар жазасыз қалып отыр.
"Олардың ұрлық жасаған кездегі өздерін еркін ұстауы мен батылдықтары таңғалдырады. Тіпті бейнекамералардан қорықпай бұл қылмысты ашық жасайды. Полиция бұл жасөспірімдерді тапты. Олардың көпшілігі жағдайы нашар отбасынан шыққан. Ата-аналарына айыппұл салынды, болды. Олар бізге, кәсіпкерлерге зиянын тигізуде", – деді Әлібек Оразбаев.
Кәсіпкер жеткіншектерді топ басшысы қадағалап, ақыры ұрланған заттарды ұрлыққа қатысқандардың арасында тең бөліп беретінін баса айтты.
"Бұл – жазасыз қаланы аралап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың бір түрі. Егер олар басқа балаларды қылмысқа итермелеп жатса, таң қалмаймын", - деп қосты кәсіпкер.
22 тамызда Ақтаудағы "Ақбота" саябағында дөнер дүкені мен балмұздақ сататын дүңгіршекте екі ұрлық орын алғаны хабарланды. Қылмыс сәттері бейнебақылау камераларына жазылып қалған.
Балмұздақ сататын орынға да бейнебақылау камерасы орнатылды. Жазбаларда бетін жауып алған екі жастың алдымен кассадан ақша ұрлағаны, сосын олардың бірі кеседегі балмұздақтың бір порциясын алған сәті жазылған. Кейін екеуі де қылмыс орнынан бой тасалаған.