Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында әкімдік хатшысы бір уақытта үш жерде "жұмыс істеген": Заңсыздыққа жол берген әкім орынбасары мен басқарма басшысы жазаланбады

Әкім орынбасарының хатшысы үш жерде жұмыс істеген

Фото: Facebook.com/berik.zhagiparov

Жезқазғанда білім басқармасының бұрынғы басшысы Сапура Төлекова мен оның орынбасары әрі бас бухгалтер Жансая Бейсембаева ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сапура Төлекова мен Жансая Бейсембаева 2022-2023 жылдары бюджет қаражатын заңсыз иемдену үшін іс жүзінде ешқандай міндет атқармаған екі адамды жалған жұмысқа алған. Бірақ олар мемлекет есебінен үнемі жалақы алып отырған. Сонымен қатар ол өз қарамағындағылармен бірге бірнеше рет қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізіп, бюджет қаражатын негізсіз сыйақыларға жқмсаған. Оның ішінде өзінің және әріптестерінің сыйақылары да бар.

Бас есепші де заңсыз тұрғын үй шығындарына өтемақы және іссапарға шықпай-ақ іссапар шығындарын алып отырған. Нәтижесінде мемлекетке 93,2 млн теңге көлемінде залал келген.

Жезқазған қалалық соты Сапура Төлекова мен Жансая Бейсембаеваны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сот тек үкім ғана емес, жеке қаулы шығарды. Соттың прокуратураға жеке қаулы шығаруына лауазымды тұлғалардың тағы бір заңсыздық жасауы себеп болды.

Ұлытау облысында әкім орынбасарының хатшысы Сусара Қашқынбаеваның бір уақытта үш жерде “жұмыс істегені” белгілі болды. Ол ресми түрде бір мезгілде үш жерде қызметкер ретінде тіркелген:

  1. Білім басқармасында – 1 211 104 теңге жалақы мен сыйақы, қосымша 421 266 теңге бонус алған;
  2. Жезқазған облыстық көпсалалы ауруханасында – 479 275 теңге есептеліп, іс жүзінде 459 992 теңге аударылған;
  3. Ал шын мәнінде ол сол уақытта облыс әкімінің орынбасары Аман Барикеновтің қабылдау бөлмесінде оның хатшысы болып отырған. Яғни, бір қызметкер бір уақытта үш жерден бюджет қаржысын “иемденіп” отырған. 

Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ляззат Ранова Сусара Қашқынбаеваның ауруханада жұмыс істемейтінін білген. Бірақ әкім орынбасары Аман Барикеновтің өтінішімен бұл заңсыздыққа көз жұма қараған. 

Сот Ұлытау прокуратурасына облыстық денсаулық сақтау басқармасын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тарту туралы нақты тапсырма берді. 

Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі желіде тараған жазбаға қатысты жауап берді. 

“Жазбада аталған азамат – Аман Сайлаубекұлы Барикенов 2023 жылдың мамыр айынан бастап Ұлытау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқармайды. Денсаулық сақтау басқармасы басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесі облыстық прокуратура жүргізіп жатқан тексерістің нәтижелері бойынша қаралады. “БАҚ туралы” заңның 4-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеттері – объективті әрі шынайы ақпаратты жасау және тарату”, – деп жазды ведомство.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері мен блогерлерден ресми дереккөздерден алынып, тексерілген ақпаратты жариялауды сұрады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 11:34
Талқылау