Ақтөбе облысында 14 жастағы баланы оқушылар ұрып өлтірген: Даулы іске үкім шықты
Фото: Stan.kz | Туыстары жіберген
Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында былтыр 2 қыркүйекте болған оқушы өлімі бойынша сот тергеуі аяқталды. Іске қатысты алты жоғары сынып оқушысы күдікті ретінде қаралды, ал жәбірленушілер саны он екі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот үкімі бойынша Қ.Қ., Е.Ж. және Ж.Е. есімді оқушылар ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтары (Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бiрнеше рет бұзақылық жасаған) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.
Сонымен қатар оларға тағылған 28-бабы 3-бөлігі және 106-бабы 3-бөлігі бойынша айып дәлелденбегендіктен (қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырып, денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соғу) ақталды және қамаудан босатылды.
Н.Б., Е.Т. және Н.Ж. есімді үш оқушы 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі (денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсыздажәбiрленушiнiң өліміне әкеп соғу) деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сот Ақтөбе облысының білім басқармасы мен полиция департаментінің бастығына заңбұзушылық фактілеріне назар аудару туралы жеке қаулы шығарды.
Жәбірленуші тарап үкімге апелляциялық шағым түсірмейтінін мәлімдеді. Оқиғаның алдын алу мақсатында мектепте буллинг фактілеріне қарсы жұмыс жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа селосында болды. 14 жастағы Нұржан Сыдық қайтыс болды. Істі бас прокурор бақылауына алды. Қылмыстық істің негізгі бабы үш рет өзгертілді. Жасөспірім өлімі алғашында ҚК 106-бабы 3-бөлігімен қаралды. Тергеу кезінде ҚК 99-бабы Адам өлтіру бабына ауыстырылды. Алайда тергеу бірнеше рет қайта қаралып, ҚК 106-бап 3-бөлігімен сотқа жіберілді.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
