Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заңды түрде тіркелсе де, сіздің опық жеп қалмауыңызға кепілдік бермейді": Қазақстанда расымен кооперативтердің көмегімен баспаналы болуға бола ма?

Соңғы уақытта Қазақстанда үй сатып алуға уәде беретін тұрғын үй кооперативтері көбейді. Оларға ақшасын салып, баспаналы болғандарға қарағанда, опық жеп, не үйсіз, не ақшасыз қалып, шарқ ұрып жүргендер көп. Адвокат-заңгер Камшат Есмұхамбетова кооператив ақшаны ауадан алмайтынын халық түсінуі керек дейді. Алдандым деп арыз жазған халықты полиция екіжатсы келісім бар деп кері қайтартын көрінеді. Кооперативтер клиенттерге қандай шарттар қояды, олардың жұмысы алаяқтық бабына жатады ма? Stan.kz тілшісі заңгерден сұрап білді. 

Камшат Есмұхамбетованың пікірінше, қазір кооперативтердің дәурені жүріп тұр. Оларға тұсау боларлық заң жоқ екен. Заңгер осындай сенімсіз, тірлігі күңгіт кооперативтерге алданатын халық үшін күйінеді. 

"Үй алуға көмектесемін дейтін кооперативтер көп. Үкімет қолға ала алмай отыр. Заңдастыра алмай отыр. Қаншама қара халықты ақшасынан айырып, сан соқтырды. Алматы қаласындағы тұрғын үй кооперативінің қылмыс ашылып, сотқа жеткен. Бірақ істің жүріп жатқанына екі жыл болса да әлі нәтиже жоқ. Заң жүзінде реттелуі керек. Кооператив ақшаны ауадан алмайтынын халық түсінуі керек. Миллиондаған халық берген ақшаны іс жүргізе алатын адам болса, адал еңбек етсе, халыққа берген уәдесінде тұрады. Ал ақымақ біреу болса, ақшаны алады да қашады. Халық соларға ұрынып жатыр", - дейді ол.

Заңгердің айтуынша, кооперативтердің жұмысы, маркетингі реттелмеген соң, мемлекет бақылап отырмағаннан кейін түбі заңсыз болады. Тіпті, үй алғандар сол ұйымның таныс-тамыры болып шығуы мүмкін екен.

"Өкінішке орай, кооперативтер заңмен қорғалған, барлығы заңды деп жатады. Бірақ бұл халықтың сеніміне кіріп, ақшасын иемдену үшін жасалатын қадам. Көп халыққа уәде беріп, жұмыс барысында қолынан келмей, істі дөңгелетіп алып кете алмай жатса, бұл да қылмысқа жатады. Халықтың сеніміне кіріп ақша жымқыру бабы бойынша алаяқтық деп саналады. Бірақ біздің құқық қорғау орындары екеуара келісім бар, тек міндеттерін орындай алмаған, қағаз жүзінде мәміле бар деп істі қарамайды. Сондықтан халық құқығын қорғай алмай жүр", - дейді заңгер- адвокат Камшат Есмұхамбетова. 

Десек те елімізде осындай ұйымдарға алданып қалған азаматтар да жетерлік. Мәселен,  жуырда қазақстандықтар тұрғын үйге инвестиция салу үшін ақша алған кооперативтік қорға шағымданды. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 қыркүйекте Есіл ауданының полиция басқармасына "Otbasy men jastardy Koldau kory" қоры тарапынан алаяқтық фактісі бойынша елорда тұрғындары ұжымдық өтінішпен жүгінді. Қор тұрғын үй сатып алу үшін тиімді инвестициялау мақсатында халықтан ақша алып және кейіннен айтқандарын  орындамаған. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі "екі және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде жасалған алаяқтық" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Мұндай жаңалықтар оқтын-оқтын БАҚ-та жарық көріп тұрады. Мысалы, 2018 жылы артық пайызсыз, 2 млн теңге алғашқы жарна құйып баспаналы болуды армандаған алматылықтар опық жеп қалған еді. "Шаңырақ" тұтынушылар кооперативінің уәделеріне 150-ге жуық алматылық алданып қалған. 

2020 жылдың басында "Асар отау" тұрғын-үй кооперативіне алданған ондаған алматылықтар ешбір пайызсыз баспана алмақ болған. Алданғандардың айтуынша, олар баспананың алғашқы жарнасы ретінде 15 пайыз көлемінде ақша салып үлгерген. Оған қосымша бес пайыз компанияның қызметіне сыйақы ретінде төленген. Сотқа жүгінген 64 адамның шығыны 200 млн теңгеге бағаланады. 

"Best way" тұрғын-үй кооператив қызметкерінің айтуынша, мекеме нарықта 6 жыл жұмыс істейді. Бұл уақыт ішінде 560-тан астам отбасы баспаналы болып үлгерген екен. Алғашқы жарна 35 пайызды құрайды. Қалған сома  10 жыл бойы салынып отырады. Баспана алу кезегі шамамен 1 жылдан кейін келеді. Болашақ баспанаңыздың құны, егер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте болса, 70 млн-нан аспауы шарт. Басқа қалалардағы баспананы 50 млн-ға дейін ала аласыз. Компанияның қызметі үшін алғашқы жарна 240 евроны құрайды. Егер баспана құны 20 млн-нан астам болса, бұл сома өзгереді. Айта кету керек, компанияның телефондарын тауып, қызметкерімен тілдесу оңайға соқпады. Телефон тұтқасын алған қызметкер толыққанды ақпарат бере алмаймын деген желеумен біздің нөмірімізді алып қалды.

ROI деп аталатын тұрғын-үй кооперативі Қазақстан нарығында 1,5 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның бас офисі Орал қаласында орналасқан. Осы уақытқа дейн 700-ге жуық отбасы баспаналы болып үлгерген. Алғашқы жарна 200 мың теңгені құрайды. Бұл - компанияға берілетін сыйақы. Баспана алар кезде сыйақыңызды тағы да қайталайсыз. Барлық операцияларды өз жеке кабинетіңізде бақылай аласыз. Кезек 1,5 жылдан кейін келіп, 15 жыл бойы пәтер құнын бөліп төлейсіз. Компания өкілдерінің айтуынша, қызметтері толық заңдастырылып, орал қаласының Әділет департаментінде тіркелген. 

"Pater House" кооперативі арқылы тек баспана ғана емес, сонымен қатар көлік те алуға болады. Компания 40 млн теңгеге дейін баспана қарастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, егер баспананы 20 млн-ға сатып алсаңыз, компанияның көмегі үшін 2 млн теңге сыйақы төлейсіз. Компания қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, баспананы тіркелген уақыттан бастап 3-6 ай мерзім ішінде алуға болады. Бөліп төлеу 15 жылға созылады. 1,5 жылдың ішінде 70-80 адам баспаналы болды деген ақпарат алдық. 

"Берекелі баспана" тұрғын-үй кооператив төрайымының Галина Зинченконың айтуынша, нарықтағы мұндай қызмет көрсетушілерді ажырта білу керек. Бұған қоса ол аталмыш компани ислам қағидаттарына сай, Каир университеті мен "Хазрет-Сұлтан" мешітінің қызметкерлері ережелерін зерттеп, ешқандай ақау таппаған деп сендірді. Баспаналы болуды жоспарлап жүрген азамат алғашқы жарна ретінде баспана құнының 37 пайызын құю тиіс. 18 бен 75 жас аралығындағы кез-келген адам 2-6 ай ішінде өз баспанасына қол жеткізе алады. Мемлекеттік және әскери қызметкерлер, жастар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған. 

Жылжымайтын мүлік нарығында 7 жылдан бері жұмыс істейтін "Берекелі баспана" тұрғын-үй кооперативі биыл "Баспана 1 жылда" атты бағдарламасын қосты. Егер пәтер құны 3 млн-нан 9 млн-ға дейін болса онда алғашқы жарна 350 мың теңгені құрайды, ал құны 9-15 млн теңге аралығындағы пәтер үшін алғашқы жарна 500 мың теңге. Егер келісімшартты бұзғыңыз келсе, онда бұл сома қайтарылып берілмейді. Ай сайын шотқа салынатын сома кем дегенде 50 мың теңгені құрауы тиіс. Жинау мерзімі 11 ай, бірақ пәтер құнынан 20 пайыз көлемінде кем болмауы керек. 11 айдан кейін компания қалған 80 пайыз соманы қосып, сізге баспана алып береді. Пәтер сіздің атыңызға рәсімделеді. Жылдық пайызы - 5%. 10 жыл ішінде сіз қалған соманы бөліп қайтаруыңыз қажет. 

 

 

Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ, Жанна МӘЛІК

Талқылау