Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Контрацепцияның не екенін білмейді": Акушер-гинеколог қазақстандық әйелдерге жүктіліктің алдын алу тәсілдерін түсіндірді

Жасөспірімдер, қыз-келіншектер таңдау құқығына ие болып, өз өмірлерін өздері басқарып өмір сүретін заманда контрацепция жайлы ашық сөйлесу одан да маңызды бола түсті. Жақында қазақстандық әйелдердің денсаулық жағдайын және контрацепция әдістеріне қатынасын айқындайтын зерттеу жарияланды. Gedeon Richter KZ компаниясы жүргізген "Әйелдер дауысы" ұлттық сауалнамасы еліміздегі әйелдердің қажеттіліктері мен контрацепцияға көзқарасын тереңірек түсіну мақсатында ұйымдастырылған. Stan.kz редакциясы сауалнаманың қызықты әрі өзекті нәтижелерін талдау мақсатында осы жобаға сарапшы ретінде атсалысқан маман, акушер-гинеколог Гребенникова Галина Александровнамен сұхабаттасты. 

Галина Александровна – "Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қазақстандық ассоциация" (КМПА) атқарушы директоры, Контрацепция жөніндегі еуропалық қоғамның басқарма мүшесі, контрацепция жөніндегі Еуропалық қоғамның басқарма мүшесі. Маманнан қазақстандық әйелдер үшін сексуалды денсаулық тақырыбы әлі де жабық тақырып па, мүшеқаптың контрацепцияның ең кең таралған әдісіне айналу себебі неде екенін сұрадық. Сонымен қатар әйелдер мен жастарға контрацепцияның тиімді әдістері мен денсаулыққа әсерін түсіндірудің маңызы жайлы сөйлестік.

Галина Александровнаның сөзінше, контрацепцияны қолданудың басты артықшылығы, егер қарсы көрсетілім болмаса, әйелдің ағзасын жатыр ісігі, аналық без, тік ішектің ісігі сияқты қауіп дерттерден қорғауында. Тіпті мұндай әдіс-тәсілдер етеккір кезінде жоғалтатын қан мөлшері көлемін азайтады. Ауырып келетін болса, ауырлық сезімін басады.

— Галина Александровна, бұл сауалнаманың мақсаты не болды? Аудитория қалай таңдалды? 

— Осы зерттеу арқылы Қазақстанның барлық өңіріндегі әйелдердің өз денсаулығына қарым-қатынасын білгіміз келді. Ауру-сырқаудың алдын алу шараларын, жүктілікті қалай жоспарлайды, осы жайлы білімдерін тексеру сауалнама мақсаты осы болды. Әлеуметтік сауалнаманы 2023 жылдың жазында Gedeon Richter KZ фармацевтикалық компаниясының қолдауымен 4Service ™ халықаралық зерттеу холдингі жүргізді. Еліміздің 17 облыс орталығында барлығы 18 жастан 49 жасқа дейінгі Қазақстанның 817 әйелі сұхбат берді. Сауалнама онлайн сауалнама әдісімен жүргізілгенін айтып өту керек.

— Сауалнама деректеріне сүйенсек, мүшеқап – контрацепцияның ең кең таралған әдісі. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

— Жалпы адамдар жыныстық жолмен таралатын инфекция бар екенін біледі. Мүшеқаппен салыстырғанда гормоналды контрацепцияның алдында қорқыныш болуы немесе басқа әдістерді қолданғысы келмеуі  мүмкін. Сондай-ақ бұл – ең танымал әрі қолдануға жеңіл әдіс.

—  Зерттеу нәтижелеріне қарасақ, контрацепцияны қолдануға қатысты сұраққа жауап беруге қиналған әйелдер бар екен. Былтыр олардың саны 19% болса, биыл 16%. Бұл нені білдіруі мүмкін? Қазақстандық әйелдер үшін жыныстық қатынас тақырыбы әлі де ыңғайсыз, ұят немесе жабық тақырып па?

— Мен мұны біздің қоғамда жабық тақырып деп есептемеймін. Меніңше,  көбі контрацепция деген ұғымның өзін түсінбейді. Мәселен, пациенттерімнен “Контрацепцияның қандай түрін қолданасыз?” деп сұрасам, “ештеңе қолданбаймын” дейді. Ал сұрақты өзгертіп, “Жүктілікті жоспарлайсыз ба?”, “Жүкті болмау үшін не істейсіз?” деп сұрағанда, олар әдетте “мүшеқап қолданамын, гормондар қабылдамаймын” деп жауап береді. 

Әйелдердің бұл сұраққа жауап бере алмау себебі әлі контрацепциялық әдісті таңдап үлгермеуінде болуы мүмкін. Айтып өту керек, былтырғымен салыстырғанда биыл “жауап беруге қиналамын” деген санаттағы әйелдер саны 3%-ға азайғанын  көреміз. Мұның өзі жыл сайын осы тақырып аясында қыз-келіншектердің білімі артып келе жатқанын айқындайды. Контрацепциялық әдістерді қолданудың артықшылығы – жоспарланбаған жүктілік болады деп алаңдамау. Дүние есігін жаңа ашқан сәбидің тәрбиесімен кедергісіз айналысуға болады. 

—  Неліктен кейбір адамдар құрамында гормондары бар контрацепциялық заттарды қолданудан қорқады не сенімділігіне күмәнданады? Ғылыми дәлелдер мен практикалық тәжірибеге сүйене отырып, олар туралы қандай мифтерді жоюға болады? Мәселен, "гормондар семіртеді", "сақал мен мұрт өсіртеді" немесе "кейіннен бала көтере алмай қаласың" дегенді жиі естіп жатамыз.

— Иә, мұндай жалған мәлімдемелер өте көп. Заманауи фармацевтиканың жетістіктеріне назар аударғым келеді, өйткені гормоналды препараттар мұқият бақылаудан және көпжылдық сынақтардан өтеді, гормон өндірісі ең күрделі және қымбат процедуралардың бірі.

Егер әйелде гормоналды контрацептивтерді қабылдау кезінде салмақ көбейсе, онда әйелде препаратты қабылдағанға дейін салмақ қосуға бейім болып келетін зат алмасу процесінде ақаулар болған және оның себебін іздеу керек (сонымен бірге төмен калориялы диетаны сақтау керек). Ал кейбір препараттар, керісінше, салмақ тастауға әсер етеді.

"Мұрт пен сақалдың өсуі" - бұл генетикалық тұрғыдан пайда болатын мәселе, және ол, әдетте, балалық шақтан немесе жасөспірімдік кезеңнен бастап, жыныстық жетілу кезеңінде көрініс табады. 

Жүкті  бола алмау (бедеулік) проблемасы біз ойлағаннан да күрделі және оны тәжірибелі дәрігер немесе дәрігерлер тобы ғана анықтай алады (оған гинеколог, репродуктолог, эндокринолог және ерлер үшін уролог маманы кіреді).

— Бала емізетін аналарға контрацепциялық негізгі әдістер қандай және неге бұл тәсілдер? Ана сүтімен емізетін әйелдерге арналған контрацепцияның әртүрлі тәсілдер бойынша қандай оң және теріс әсері бар?

 Ана сүтімен емізу кезінде тек аналар үшін және ең бастысы нәресте үшін қауіпсіз болатын контрацепциялық әдістерді қолдану керек. Мысалы, қазір ана сүтіне енбейтін және сол арқылы нәрестенің денсаулығына әсер етпейтін емізетін аналарға арналған арнайы босануды бақылау таблеткалары бар. Сонымен қатар белгілі бір ережелерді қатаң сақтай отырып, лактациялық аменорея әдісін қолдануға болады (Егер әйел ана сүтімен емізетін болса және оның етеккірі келмесе, және емізу арасында ұзақ үзілістер болмаса онда 6 ай ішінде ол жүктіліктен 98% қорғалған болып саналады) презервативтер, спермицидтер, жатырішілік құрылғылар. Қолданар алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек.

— Сауалнама нәтижелеріне қарасақ, трансдермальды контрацепцияны көп әйел қолданбайды екен. Бұл салыстырмалы түрде жаңа әдіс пе? Оның басқалармен салыстырғанда қандай артықшылықтары бар?  Ана сүтімен емізетін әйелдер арасында трансдермальды контрацепцияны қолданудың қандай ерекшеліктері бар?

— Бұл әдісті басқаша контрацептивті жапсырма деп те атайды. Бір кездері Қазақстанда ол танымал болған, бірақ оны ұсынатын орындар азайып кетті. Ал қазір жапсырманы дәріханалардан табуға болады. Оны қолдану жеңіл, гормоналды контрацепцияға жатады. Қолданудың алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Оның басты ерекшелігі, жапсырма дененің бір бөлігінде жеті күн бойы жабысып тұрады. Сол арқылы теріге контрацепциялық заттар енеді. Бір қорапта үш жапсырма болады, оны үш апта қолданып, бір апта демалу керек. 

Кейбір келіншектер оны қайда жабыстыратынын білмей әлек болады. Әдетте ол жауырын тұсына, іштің төменгі бөлігіне жабыстырылады. Кемшін тұстары туралы айтар болсақ, бұл әдіс барлық әйелге келе бермейді. Сондықтан тағайындар алдында дәрігер контрацепцияға қарсы көрсетілім жоқ екеніне сенімді болу керек. 

Ал емізетін әйелдер үшін бұл тәсілді алғашқы 6 айда қолданбаған дұрыс. Себебі бұл әдіс арқылы бөлінетін эстроген гормоны сүттің шығуын тежейді. Ал алты айдан кейін сүт мөлшері көп керек емес, сондықтан бұл тәсілді қолдана беруге болады.

— Контрацепцияның әртүрлі әдістерін қолданған кезде қандай жанама әсерлер болуы мүмкін және оларды қалай азайтуға болады?

— Аралас контрацепциялық әдістер, яғни жапсырма жапсырып, дәрі ішіп бастаған соң  алғашқы үш айда пайда болуы мүмкін. Кейбір кездерде кішкене бас ауырып, қан кетуі мүмкін. Осындайда егер дәрі ішсе, оны кешкі уақытта қолдануға кеңес береміз. Қою қан пайда болса, дәріні күнделікті бірдей уақытта ішіп жүруін қадағалап, мөлшері қандай екенін анықтаймыз. 

— Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 65%-ы гормоналды контрацепция әдістерін ұзақ уақыт қолдануға болмайды деп санайды. Мұндай жаңсақ пікір қайдан пайда болуы мүмкін?

— Әйел контрацепциялық әдісті қолдана бастаған соң, үш айдан кейін гинекологтың қабылдауына баруы керек. Бұл кезде бәрі қалыпты өтіп жатқанына көз жеткізеді. Бұдан соң бір жылда бір рет барып тұрса жеткілікті. Мұның себебі тиісті білімінің жоқтығынан болуы мүмкін. 

Құрамында гормондары бар контрацептивтерді ұзақ мерзімде қолдану әдетте  туу көрсеткішін бақылаудың қауіпсіз әрі тиімді әдісі саналады. Көптеген әйел оларды жылдар бойы еш қиындықсыз пайдаланады. Контрацепцияның қолайлы әдісін жеке қажеттіліктер мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дәрігермен бірге таңдау маңызды. Қазіргі контрацептивтер қауіпсіздік мен тиімділікті қамтамасыз ету үшін көптеген зерттеу мен сынақтан өтті.

— Неліктен әйелдер мен жастарды контрацепциялық әдістер туралы хабардар ету маңызды? Осы ақпараттың жеткіліксіздігінен кері әсер болуы мүмкін бе?

—  Қазір бізде алғашқы жыныстық қатынасқа түсетіндердің орташа жасы 16,5, ал алғаш рет босанатындардың орташа жасы  29,5+ болып отыр. Аборт пен жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу үшін контрацепция қолдану керек. Осы ретте олар туралы білу, біліп қана қоймай, қолдану маңызды. Жағымсыз салдары туралы айтсақ, бұл тәсілдерді қолданбау абортқа әкеп соғуы мүмкін. Оның да кемшін тұстары көп, себебі аборттың қауіпті түрлері бар. Аборттағы ота ұзақтығын, егер қайталана берсе, бедеулікке әкелетінін де есепке алу керек.

— Жастар мен олардың ата-аналарына контрацепция және жыныстық сауат ашу мәселелері бойынша қандай ұсыныстар мен кеңес берер едіңіз?

—  Адам өзінің тәні, ағзасы қалай өзгеріп жатқанынан хабардар болуы керек. Репродуктивті денсаулықты қалай сақтау жолдарын да білуі маңызды. Бұл дегеніміз – дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден арылу. Жыныстық қарым-қатынас басталып кетсе, бала көтеру жоспарға кірмесе, өз ыңғайына қарап қорғану тәсілдерін жасау керек. Демек, ата-ана да, бала да бұл туралы білу керек. Иә, бұл тақырып "табу" сияқты көрінеді. Бірақ егер бала ата-анасына айта алмаса, онда дәрігермен сөйлескені жөн. Жасөспірмдерге контрацепция тәсілін қалай таңдаймыз деген мәселеге келсек, Кодекске сәйкес, 16 жастан бастап жасөспірімдерді қабылдай аламыз, егер инвазивті тәсілдерді қолдану мәселесі көтерілсе, инфекция жұқтыру қаупі бар-жоғын, денсаулық жағдайын саралап, мүшеқап ұсынамыз.

— Әйелдерге олардың жеке қажеттіліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, қандай контрацепция әдістерін ұсынуды жөн көресіз?

—  Әдетте жиі жыныстық қарым-қатынасқа түспейтіндер мүшеқаппен шектеледі. Спермицидтерді гормоналды әдістерге кері әсері барлар қолданады. Енді босанып, алдағы бес жылда бала көтергім келмейді десе, жатырға салынатын спираль қойдырады. Маған келетін пациенттерден жастардың басым бөлігі гормоналды контрацептивтер ішкенді не мүшеқап қолданғанды жөн көреді. 

Әр жағдайда бәрі әйелге қатысты жеке шешіледі. Гормондардан қорқудың қажеті жоқ, емдеуші дәрігермен кеңесіп, сізді алаңдататын сұрақтарды қойып, қажетті тексерулерден өтіп, дұрыс шешім қабылдауға болады. Гормоналды контрацептивтердің көптеген артықшылығы бар. Мысалы: қажетсіз жүктіліктен сенімді қорғаныс, кейбір жағдайларда денсаулықты және тіпті көптеген әйел үшін өмір сапасын жақсарту.

— Болашақта контрацепция саласындағы қандай инновациялар мен өзгерістер болады деп күтесіз? Әйелдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығы үшін қандай жаңа әдістер не технологиялар пайда болуы мүмкін?

 Болашақта контрацепция саласы әйелдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығын айтарлықтай жақсартатын қызықты инновациялар мен өзгерістерге толы болады деп ойлаймын.

Қазірдің өзінде әйелдерге арналған менструациялық циклді бақылауға және жүктілікті жоспарлауға көмектесетін қосымшалар бар. Репродуктивті денсаулықты бақылау үшін дәл келетін және сенімді цифрлық құралдар шығады деп күтемін.

Интернет пен телемедицина барған сайын қолжетімді бола түсуде. Жастар мен әйелдер контрацепция және жыныстық денсаулық туралы білім мен кеңесті онлайн ала алады, демек бұл ақпаратты қолжетімді етеді.
Ер адамдарға арналған контрацепциялық әдіс-тәсілдерді шығару керек деп есептеймін. Себебі қазір барлығы аналық жасуша жетілмеуіне, яғни әйелдерге бағытталған. Сондықтан осы жауапкершілікті бөлу үшін ерлерге арнап мүшеқаптан бөлек әдіс-тәсілдер ойлап табылатын шығар.

Контрацепция әдісін таңдау әркімнің жеке шешімі екенін есте ұстаған жөн, сондай-ақ әйелдер мен жастардың денсаулығына қамқорлық жасайтын дәрігер ретінде оны маманмен талқылауға шақырамын.

Айта кетейік, Gedeon Richter KZ компаниясы әйелдер қауымы мен жастардың денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді көтеруге септігін тигізеді. Мәселен, компания қолдауымен жақында жарық көрген "Мамский әңгіме" подкастында әйел денсаулығы мен жыныстық тәрбие туралы өзекті ақпараттар талқыланады.

Талқылау