Конституция жобасында Құрылтайды таратуға шектеулер енгізілді

Жаңа Конституция жобасында президенттің Құрылтайды тарату өкілеттігі нақтыланып, оны жүзеге асыруға бірқатар шектеулер белгілеу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы 10 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов елдің Негізгі заңының жобасына енгізу ұсынылып отырған нормалар туралы айтты.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Конституция жобасына қатысты азаматтар мен сарапшылардан ұсыныстар әлі де түсіп жатыр.
"Ұсыныстардың бір бөлігі Президенттің Құрылтайды тарату жөніндегі өкілеттіктеріне қатысты. Жарияланған Конституция жобасында бұл өкілеттік міндетті сипатта, яғни Құрылтайды тарату императивті норма ретінде көрсетілген. Оны диспозитивті нормаға ауыстырып, президенттің құқығы ретінде бекіту ұсынылды. Осыған байланысты 46-баптың 2, 4, 8-тармақтарына, 57-баптың 1-тармағына және 62-баптың 1 және 2-тармақтарына тиісті түзетулер енгізілді", – деді ол.
Сонымен қатар Конституция жобасында Құрылтайды таратуға шектеулер қою ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Құрылтайды келесі жағдайларда:
- төтенше жағдай немесе соғыс кезінде;
- Президент өкілеттік мерзімінің аяқталуына алты ай қалғанда;
- Құрылтайды бұрын таратқаннан кейін бір жыл ішінде;
- Конституция жобасының 51-бабында көзделген жағдайларда таратуға болмайды.
"Аталған жағдайларда Құрылтайды таратуға жол берілмейді", – деп нақтылады Бақыт Нұрмұханов.
- Қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата Заңда қандай айырмашылық бар: Талдап көрдік
-
Тоқаев шенеуніктердің өзін алдап жүргенін айтып, салғырттығы үшін сынға алды
Еске салайық, бұған дейін Жаңа Конституция жобасында президенттің бірқатар маңызды кадрлық тағайындаулары Құрылтайдың келісімімен жүзеге асуы көзделген. Егер Құрылтай бұл тағайындауларға екі рет қатарынан келісім бермесе, мемлекет басшысына Құрылтайды тарату құқығын беру ұсынылып отыр. Әділет министрі Ерлан Сарсембаев бұл норманың алдын алу сипатында екенін атап өтті. Ұсынылған өзгерістер референдумда қаралады.
Алматы облысында кәсіпкер қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтірген, алайда әкімдік оны тартып алған