"Кондитерлік өнім деп көрсеткен": Алматы әуежайында Италиядан келген жүктің ішінен құмырсқалар табылды
Алматы әуежайында заңсыз әкелінген құмырсқалар салынған контейнер тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Жетісу" кеден бекетінің қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайында кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде Италиядан келген қорап ішінен кондитерлік өнімдердің орнына ішінде құмырсқалары бар 7 пробирка мен 22 пластикалық контейнер табылды.
“Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы коды бойынша жабайы тірі жәндіктер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлар тізбесіне кіреді. Осылайша, рұқсат құжаттарынсыз тірі жәндіктерді Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды”, – делінген мемлекеттік кірістер департаментінің хабарламасында.
Осы дерек бойынша материалдар шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жіберілді.