"Концертімнің алдында пышақтап кеткен": Мақпал Жүнісова дизайнер Құралай Нұрқаділовамен болған жанжалды есіне алды
Халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің бірінші некесінен туған балалардан қорлық көргенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Өнер иесі марқұмның қызы Құралай Нұрқаділованың өзіне пышақ салғанын да ашып айтты.
“Әкесін мен өлтірді деп балалары маған жала жапты. Мерей 11-сынып бітірген кезде де келмеген адамдар. Одан кейін барып анау жақтағы қыз "Мақпалмен өлсем де араласпаймын, Мереймен араласуға болады" деп сұхбат беріп отыр. Мерейдің телефонын Алтынбек Қоразбаев ағадан сұрап алған. Мерейге қоңырау шалып, мазасын ала бастады. Оны маған Мерей айтты. Содан кейін шындықты айтуыма тура келді. Оның қызы маған қиянат жасады. Маған пышақ салды. Маған пышақ салған адам мені керемет қыла ма?! Құралай маған пышақ салған. Концерттің алдында Республика сарайының жанында пышақтап кеткен. Ол "Вечерний Алматы" деген газетке шыққан. Нұрқаділовтің қызы деп тұрып шықты", – дейді әнші.
Алайда әнші жолдасы үшін кешірім беріп, істі жауып тастағанын айтты.
“Ең бастысы аман қалдық. Көретін жарығымыз бар шығар?! Қолымның тамырына сәл тимей қалған. Сол оқиғадан кейін Зәкеңнің көмекшісі келіп, “Нұрқаділовтің қызы деп арызға көрсетпесін” деп жатыр деді. Жанымда әпкем Марал отырған, қатты ренжіп, ұрысты. Мен “адам өлген жоқ” деп істі жауып тастадым. Әкесінің абыройын ойлап, оны кешіргенмін. Бірақ ол одан кейін түсінді ме? Өзі кейін сол тақырыпты қозғап, сұхбат беріпті", – дейді халық әртісі.
Еске салайық, "Мерей мені бұғаттап тастады" деген Құралай Нұрқаділова әкесінің екінші некесіндегі қызымен қарым-қатынасы туралы ашық айтқан еді.