Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі адам саудасымен күрес қалай жүргізілетінін айтты

Қазақстанда жыл басынан бері адам саудасы фактісі бойынша 79 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі Адам саудасына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Көшербаева Шынар ведомство еңбек және сексуалды қылмыстармен күресу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Басқарма өкілі елімізде еңбек және сексуалды құлдыққа мәжбүрлеу, жаңа туған сәбилерді саудалау секілді қылмыс түрлері жиілеп баратынын сөз етті. 

“Қазақстанда жыл басынан бері адам саудасы қылмысы бойынша тіркелген  79 қылмыстық істің төртеуі еңбек құлдығы бойынша, 22-сі сексуалды құлдыққа байланысты. Былтыр осы кезеңде 120 іс қозғалған болатын”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, биыл елдің әртүрлі қаласынан келген кәмелетке толмаған қыздарды жинап, сексуалдық құлдықпен айналысуға мәжбүрлеген ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылған. Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша 11 адам ұсталып, қамауда отыр. 

“Адамдар қаладан ауылға немесе ауылдан қалаға келіп, адам саудасының құрбанына болып жатады. Әсіресе, қыз-келіншектер сексуалды құлдықтың қақпанына түсіп қалады. Сондай-ақ қаракөз қыздарымыз шетелдерде, әсіресе Түркия, Оңтүстік Корея, Бахрейн елдеріне барып, сексуалды құлдықтың шырмауында қалып қояды. Бүгінде біз шетелден сексуалды құлдыққа түскен бір қызды тауып, жұмыс жасаудамыз. Қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр”, – дейді ІІМ қызметкері. 

Шынар Көшербаева ішкі істер органдарының құрылымында да, министрлікте де, оның аумақтық бөлімшелерінде де адам саудасына қарсы күрес жөніндегі мамандар жұмыс істейтінін атап өтті. 

“Республикадағы облыстар мен қалаларда ішкі істер министрлігінің адам саудасымен күрес жөніндегі бөлімдері бар. Республика бойынша адам саудасымен күрес бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық науқан жүргізіледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс қимыл туралы заң жобасын әзірлеуде. Бұнымен қоса мүдделі органдардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Онда адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету мәселелері өзара іс қимыл ынтымақтастық шеңберінде талқыланып, халықаралық ұсыныстар орындалады”, – дейді ол. 

Көшербаеваның сөзінше, полиция әрдайым фактілерді анықтап, қылмыстың жолын кесу бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдайды. 

“Әлеуметтік желілер, БАҚ және басқа да дереккөздерді әрқашан сараптап отырамыз. Мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін өсімдік шаруашылығы орындары, шаруа қожалықтары, құрылыс объектілері тексеріледі. Сондай-ақ, сексуалды құлдық фактілерін анықтау мақсатында қонақ үйлер мен монша кешендері қаралады. Полиция органдарының қосымша күштерін тарта отырып, "Стоп-трафик" кезекті жедел-профилактикалық іс-шарасы да өткізіледі”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, осы жедел іс-шараны жүргізу барысында Алматы қаласында полиция қызметкерлері асырап алу мақсатында жаңа туған балаларды заңсыз сату фактілерін анықтаған. 

“Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы өздерінің балаларынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдерді және баласы жоқ отбасылық жұптарды іздестірумен, сондай-ақ балалардың туу туралы жалған куәліктерін дайындаумен айналысқаны анықталды. Бұнымен қоса Шымкентте ұйымдасқан топ 14 қызды сексуалды құлдыққа салған. Оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Оларды Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларында қонақүй мен сауналарға апарып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Тапқан табыстарын өздеріне алып отырған”, – дейді ІІМ өкілі. 

Шынар Көшербаеваның атап өткендей, көбінесе сексуалды және еңбек құлдығына әлеуметтік осал топ адамдары түседі.

“Құжаттары жоқ немесе жақындарынан мүлде қол үзіп қалған адамдар, елде жүрген кезде құқықбұзушылық жасап қойған шетелдіктер, тұрақты тұратын жері жоқ ақшаны аса қажет ететін адамдар осы қылмыстың құрбанына айналады. Бұл топтағы тұлғаларға қылмыскерлер алдап-арбау арқылы жұмыс ұсынады немесе көндіреді. Тұратын орны мен жақсы жалақы төлеуге уәде береді. Бірақ белгілі орынға апара салып, олардың құжатын тартып алады. Қорқытып, тіпті физикалық соққыға да жығуы мүмкін. Мәселен, ауылдық жерлердегі шаруашылық қожалықтарында байланыс болмайды. Бұндай деректер туралы бізге хабарланған жағдайда әкімшілік полиция мен адам саудасымен күрес жөніндегі криминалдық полиция бірігіп, жедел түрде тексеру шараларын жүргізеді. Егер қандай да бір деректер туралы хабар бергілеріңіз келсе, 116 16 сенім телефонына хабарласуларыңызға болады”, – дейді ол. 

ІІМ өкілі 2020 жылдың қаңтар айында Қылмыстық Кодекске түзетулер енгізілгенін, атап айтқанда, кәмелетке толмаған балалармен сауда жасағаны және кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені үшін жазалар қатаңдатылды. Бұл қылмыс бойынша айыпталғандардың мүлкі тәркіленіп 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Сонымен қатар Шынар Көшербаева шетелде құлдыққа түскен адамдарды құтқару үшін қандай шаралар атқарылатынын айтты. 

“Шетелде құлдыққа түскен адамдарды құтқару үшін сыртқы істер министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Егер қандай да бір тұлға консулдықтарға жүгінсе, біз Интерполдан көмек сұрай отырып, тексеру жұмыстарын жасаймыз. Олардың елге қайтуына көмектесетін арнайы бағдарлама бар. Үкіметтік емес ұйымдар оларға сегіз бағыт бойынша, мәселен психологиялық, заңдық, әлеуметтік көмектер ұсынады. Сонымен қатар елге келгеннен кейін оңалту орталықтарына жіберіледі. Ол жерде еңбек немесе сексуалды құлдықтың құрбандары алты айға дейін ем-шаралар қабылдай алады. Мұның барлығын мемлекет өзі қаржыландырады”, – дейді Көшербаева. 

Сондай-ақ біздің елімізде де адам саудасының құрбаны болатын шетелдіктер бар. Олар көбінесе Орталық Азия елдерінен келеді. 

Адам саудасы туралы жаһандық деректер орталығының (Global Data Hub on Human Trafficking) ақпаратына сәйкес, 2005 жылдан 2021 жылға дейін Орталық Азия елдерінің 6 мыңнан астам азаматы аймақ ішінде немесе одан тыс жерлерде сексуалдық немесе еңбек құлдығында болады. Осы кезеңде құлдыққа түскен қазақстандықтардың саны 691 адамға жеткен.  

Қырғызстан азаматтарының 2259, Тәжікстан азаматтарының 616-сы, Түрікменстан азаматтарының 525-і,  Өзбекстанның 2037 азаматы адам саудасының құрбаны болған.  

Талқылау