Компанияны атына аударған: Талдықорғандық әйел өзіне тиесілі емес кәсіпорынның 70 миллион теңге қарызын өтеуге мәжбүр
Талдықорғандық Индира Бағланқызы алаяқтардың құрығына түсіп, 70 миллион қарыз арқалаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
33 жастағы әйелдің айтуынша, белгісіз біреулер оның атына Қарағандыда орналасқан компанияны аударып, сол кәсіпорынның бүкіл қарызын мойнына ілген. Кәсіпорынның салық органдарына берешегі – 70 миллион теңге. Қомақты қаржыны сот шаштараз болып жұмыс істейтін Индираға төлеуге міндеттепті. Себебі құжат бойынша серіктестік Индираның атында.
Индира өзінің атына серіктестіктің аударылғанын 2019 жылы білген. Айтуынша, салық органынан мамандар хабарласып, атына тіркелген компанияның берешегі бар екенін жеткізген. Талдықорғандық тұрғын Қарағандыға мүлдем барып көрмегенін айтады.
“Сайт арқылы өтініш жасадым. Қайдан шыққан фирма, немен айналысқанын іздестірдім. Компания 2013 жылы құрылған. Маған аударылмай тұрып, басшысы төрт түрік азаматы болған екен. Қарыз пайда болған кезде оны менің атыма аударған. Сол кезде бұл фирма банкротқа ұшырайды”, – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Бағланқызы.
Астана қаласында бірнеше рет сырттай өткен сот отырыстарының шешімімен салық алдында берешегі бар серіктестіктің 70 миллион теңгесін Индираға төлеуге міндеттелген. Енді ол өзінің кінәсіз екенін толықтай дәлелдеп шығуы тиіс. Ол үшін серіктестік атына қалай аударылғанын, қандай нотариуспен процесс жүргізілгенін, қол қалай қойылғанын сараптамаға беруі керек.
Депутат, заңгер Абзал Құспанның айтуынша, егер жалған қол қойылса, сараптама кезінде бірден анықталады.
“Судья сотқа шақырдық, енді іс орысша қаралған, "құзырлы органдар хабар берді, ал жауапқа тартылушы келмеді" деп сыртынан қарап, жаңағы 70 миллион теңгені мойнына іліп жібере салды. Кәсіби заңгердің көмегімен мәселені шешуге болады. Енді арнайлап телеарна келіп тұрған жерде мына Республикалық адвокаттар алқасының төрағасына шығу арқылы, бір адвокаттың тегін шығуына көмек ете аламын, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан.
Заңгер ретінде Абзал Құспан алаяқтардың құрығына түспеу үшін біріншіден жеке куәлікке мұқият болуды ескертеді. Себебі осы жағдай болардың алдында Индира жеке куәлігін жоғалтып алған. Сондықтан әр адам жеке бас құжатын жоғалтқан жағдайда уақыт создырмай бірден жаңасын алған жөн.