Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Компания міндетін адал орындамаған": Депутат Бас прокурордан марқұм Болат Назарбаевтың қызы басқарған компанияны тексеруін сұрады

Айдос Сарым марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева басқарған "TOLAGAI-2050" компаниясын тексеруді сұрады. Мәжіліс депутаты Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, еліміздің аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды және 53 894 млн теңге сомасына мердігерлік ұйымдар "Kapital construction" ЖШС-мен және "TOLAGAI-2050" ЖШС-мен жалпы шарттар жасалған. 

“Жасалған шартқа сәйкес "TOLAGAI-2050" ЖШС 40 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Алайда, жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсуде. Қолда бар ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанында "TOLAGAI-2050" ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35 %-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша "TOLAGAI-2050" ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін”,-деді депутат.

Айдос Сарым мәлімдегендей, "TOLAGAI-2050" компаниясы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда бірнеше рет сынға ұшыраған компания  болып көрсетілді. Компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысты, оның 10-нан астамы биыл өткен. Осы орайда, депутат компания мемлекеттік сатып алу рәсімінде міндетін адал орындамаған деп атап өтті.

“Бұл ретте, көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса* да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдаған жоқ. ҚР Азаматтық кодексінің 627-бабы: "2. Егер мердiгер шартты орындауға уақытылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтау көрiнеу мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы",- деп атап өтті ол. 

Айдос Сарым 2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын мәлімдеді. 

"Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылатынын ерекше атап айтамыз. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, Сізден осы жоба бойынша "TOLAGAI-2050" ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді сұраймыз”,- деді депутат.
 

Талқылау