"Коммуналдық төлемдерді несие алып төлеп отырмыз": Атырауда мейрамхана қожайындары әкімдікке келіп айғай шығарды
Атырауда жеті айдан бері жұмыссыз отырған мейрамхана қожайындары коммуналдық төлемдерді несие алып төлей бастапты. Өйткені кіріссіз қалған кәсіпкерлерде шығынды өтейтін қаражат жоқ. Ашынған азаматтар Атырау әкімдігінің алдына жиналып, "шыдамымыз таусылды" деп айғайға басты. Енді табыссыз отыра алмаймыз деген кәсіпкерлер толыққанды жұмыс істеуге рұқсат берсін деген талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жеті айдан бері қызметі тоқтап тұрған, кіріс кірмей, шығынға белшесінен батқанын айтып шағымданған кәсіпкерлер ақыры шыдамдары жетпей, әкімдік алдына жиналып, "жұмыс істеуге рұқсат берсін" деген талап қойды. Олар қазір жұмыс істеп тұрған дәмханаларға қарағанда ғимараттарының санитария талаптарына сай екенін айтады.
"Карантин талаптарын сақтауға уәде береміз, бірақ бізге 30 пайыз ашу керек. Біз қалай өмір сүреміз. Несиемізді қалай төлейміз, жалақыны қалай береміз, қазір жалақы бере алмай отырмыз", - деді кәсіпкер Нұрия Қуанышева.
Кәсіпкерлер мейрамхана ғимаратының коммуналдық төлемдеріне айына 200-500 мың теңгеге дейін шығындалатындарын айтады. Қазір оның өзін несие алып төлейміз деген олар, енді қалай күн көретіндерін білмейді.
"Газымды қиып кетті, 150 мың теңге төлемегенім үшін, су да солай. Біздің жағдайымызды түсінуі керек, санитар дәрігер де, әкім де түсінсін", - деді кәсіпкер Рахила Қуанышева.
"Көбісі кредит алып, коммуналдық төлемдерді төлеп жатыр. Балаларымызды қалай асыраймыз сонда. Жылу келді ішіне, онсыз да айына 200-300 мың төлеп отырмыз. 500 мыңға дейін барады", - деді кәсіпкер Бейбіт Хайруллин.
Шағымданушыларды шенеуніктер әкімдікке шақырды, бірақ талаптарына толыққанды жауап бере алмайтындарын айтты.
"Карантин кезінде мобильдік топ талай әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Мейрамхана, кафелерде санитария талаптарын сақтамай түрлі жиындарды өткізіп жатқандарды көріп жатырмыз. Сондықтан бұл талаптарына жауап бере алмаймыз", - деді Атырау қаласының бас санитар дәрігері Қанат Ғайнеденов.
Тіпті, кинотеатрға рұқсат беріп жатыр деп әкімдік ішінде шу шығарған мейрамхана иелерін шенеуніктер тек сабырға шақырумен шектелді. Өйткені бұл мәселені тек мемлекеттік бас санитар ғана шешеді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
