Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысының әкімі балалары мен туыстарының қайда жұмыс істейтінін айтты

Абай олысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жақын туыстары мен балаларының қандай қызметте істейтіні туралы айтып берді. Сондай-ақ букмекерлік кеңсе бизнесіне өзінің қандай қатысы бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 Фото: ОКҚ

ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі осыған дейін Абай облысының әкімі букмекерлік кеңсеге иелік етті деген ақпаратты айтып, облыс әкімінен осының қаншалықты рас екенін сұрады.

“Мен бұл сұраққа толыққанды жауап бере кетейін. Менің өзім де, жақын туыстарым, тіпті алыс туыстарым да қандайда бір букмекерлік кеңселерге еш қатысы жоқ. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде жыл сайын декларация тапсырамын. Декларацияда барлығы көрсетілген. Біреу айтты екен деп, үнемі түсініктеме бере беру дұрыс деп санамаймын. Ешқандай туысым тендер мен конкурстарға қатыспайды. Менің құрылыспен, қандайда бір материалдарды алып беру, жалпы коммерциямен айналысатын туыстарым жоқ”,- деді Абай облысының әкімі.

Облыс әкімі туыстары мен балаларының қайда және қандай қызметте жұмыс істеп жатқандарын да айтып берді.

“Менің әпкем университетте жұмыс істейді. Оның докторлық дәрежесі бар. Інім Астана қаласындағы Еуразия университетінде жұмыс істейді. Ал, үлкен ұлым мемлекеттік қызметкер, ортаншы ұлым қатардағы инженер”,- деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі букмекерлік кеңселердің онлайн жарнамасына қатысты сұраққа да жауап берді. 

“Менің салама оның қатысы жоқ. Депутаттар мен Үкімет қандай шара қабылдайды солай болады. Өз басым ешқандай ақша тігумен айнлыспаймын. Мен де онлайн бәс тігуге қарсылардың қатарындамын”,-деп жауап берді облыс әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Талқылау