"Көмектесемін дегенге алданып қалған": Шымкентте 15 және 16 жастағы екі қыз сексуалдық құлдықта болған
Фото: freepik.com
Шымкентте көрші қалалардан келген кәмелетке толмаған қыздар сексуалдық құлдықтың құрбаны болған. 15 және 16 жастағы екі қызды көмектесеміз, баспанамен қамтимыз деген желеумен жұмысқа тартқан. Алайда оларды күшпен ұстап, пайда көру мақсатында пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласы №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жетекшісінің әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Мұталиеваның мәлімдеуінше, қыздар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылып, оларға мамандар көмегі ұсынылған.
"Бізге келмес бұрын қыздар алдымен Жастарды бейімдеу орталығына жіберілді. Алайда тергеу барысында олардың сексуалды қанаудың құрбанына айналғаны белгілі болды. Осыдан кейін ата-анасының рұқсатымен біздің орталыққа ауыстырылды. Мұнда оларға жан-жақты көмек көрсетілді: медициналық тексеру, психологиялық қолдау, заңгерлік кеңестер. Екі қыз да кәмелетке толмаған – 2009 және 2010 жылғы қыздар. Б. есімді адам оларды тұрғын үймен қамтимын деп уәде беріп, қылмыстық әрекетке азғырған. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандар көбінесе осал болып келеді. Алғашында қыздар қандай жағдайға тап болғанын түсінбеген", – дейді Ғалия Мұталиева.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мәліметінше, адам саудасы құрбандарының көбі сеніп қалу, кедейлік және ақпараттың жетіспеушілігінен қауіпті жағдайларға тап болады екен. Әсіресе, жақсы өмір сүру үмітімен басқа қалаларға көшіп баратын немесе жұмыс іздеп жүрген жасөспірімдер мен жас әйелдер көп алданып қалатын көрінеді. Соңғы бес жылда бұл орталықта 15 адам оңалтудан өткен. Олардың арасында тек қазақстандықтар ғана емес, көршілес елдердің де азаматтары бар.
"Зардап шеккендер арасында басқа елдің азаматтары да, біздің отандастарымыз да бар. Соңғы 5 жылда тіркелген 15 адамның үшеуі – шетел азаматтары. Шын мәнінде, тек білімі немесе жұмысы жоқ адамдар ғана адам саудасының құрбанына айналмайды. Кейде сауатты, білімді адамдар да алданып қалады. Оның басты себебі – жақсы өмір сүруге деген ұмтылыс. Халық ақша табасың, шетелде жұмысқа тұрасың, баспана аласың деген уәделерге сеніп қалады. Ал ақырында қанау жағдайына тап болады. Бұл – аңғалдық емес, бұл жаһандық ауқымдағы мәселе жән одан ешкім қорғалмаған", – дейді №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бастығының орынбасары.
Мамандар тұрғындарға абай болуды, күмәнді жұмыс ұсынғандарға сенбеуді және ақпаратты үнемі тексеріп отыруды ескертеді. Бұл, әсіресе, жастар мен жақсы өмір іздеп басқа қалаға немесе елге көшуді жоспарлап жүргендер үшін маңызды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
