Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көмек берілмеген: Оралда саяжай тұрғындары әкімдіктен қолдау сұрап, жанайқайын жеткізді

2 мамыр күні Оралда Комарово және Стеновик саяжайларының 50-ден астам тұрғыны биліктен баспана беруді, бөгетті нығайтып, материалдық қолдау көрсетуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Umarov news сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Тұрғындардың айтуынша, олардың көбінің осы саяжайларда үйлері болған. Олар несие алып, соңғы ақшаға жер телімін сатып алып, үй салып алған екен. Қазір барлық үйлер су астында қалды. Тұрғындар эвакуациялау кезінде балалары мен құжаттарын өздерімен бірге алып үлгерді, жиһаздар мен киімдер су астында қалды. Қазір саяжай тұрғындары не пәтер жалдап, не эвакуациялық орталықтарда тұрады.

Тек санаулылар ғана мемлекеттен 100 АЕК – 369 200 теңге көлемінде бір реттік көмек алыпты.

Комарово мәдениет үйінің төрағасы Александр Романовтың айтуынша, Стеновикте 300-ден астам үй болса, оның 150-і жыл бойы осында тұрған. "Комарово" тұрғын үй кешенінде 170 учаске бар, 30-дан астам адам жыл бойы сонда тұрады. Төрағаның өзінің бір ғана баспанасы бар, 2016 жылы салған үйі су астында қалған. Қазір ер адам отбасымен жалдамалы пәтерде тұрады.

“Әлі үй де, көмек те берілген жоқ, 20 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Егіз баламыз енді қырқынан шықты, ал біз қаңғып жүрміз. Саяжай тұрғындарына көмек берілмейді деген. Біз бұл үйге 2017 жылы кірдік. Несие алдық. 7 баланың анасымын”, – деді оралдық әйел.

Тағы бір тұрғын қалада туысы болмағандықтан, пәтер жалдап тұруға мәжбүр екенін айтты.

“2020 жылдан бастап осында тұрамыз. Күйеуімнің ерекше қажеттігі бар, ал бізге көмек жоқ. Балам Алматыда оқып жатыр. Бізге тіпті тамақ та беріп жатқан жоқ. Әкімдікке көмек сұрап бардым, олар әзір белгісіз деп қайтарды. Сонда кімге барамыз? Мешіттен 20 жұмыртқа алдым”, – деді саяжай тұрғыны.

Еске салсақ, бұған дейін Құлсарыда су тасқынынан үйсіз қалған ондаған тұрғын өтемақы талап етіп, алаңға шыққан еді.

Талқылау