“Қолымнан жұлып алды”: 17 жасында сәбиін туыстары тартып алған келіншек жан айқайын жеткізді
Жанат Разақбайқызы 28 жылдан бері қызын іздейді. 17 жасында сезімге беріліп, аяғы ауыр болып қалған. Қызын Бішкекте босанған жас анаға туыстары баласын сонда тастап кетуге кеңес береді. Алайда ешкімнің сөзіне құлақ аспаған Жанат перзентін үйіне алып келген.
Бұл туралы КТК арнасының “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
“Қызым 2 айлық болғанда үйге нағашыларым қыдырып келеді. Шешемнің үш бауырының әйелі, сол нағашылар баланы алып қояды”, – дейді Жанат Разақбайқызы.
Жас ана перзентіне туу туралы куәлік алмаған, ешқайда тіркеп те үлгермеген. – Себебі заман сондай болды, ата-анам үйде тығып отырды, мен үшін ұялды, – дейді ол.
“Шешем ішіндегі қайғысын айтады. Қызымыз осындай жағдайға тап болды, елден ұят, осындай сұмдық болып жатыр, не құжат ала алмай отырмыз, – деп жағдайды айтады. Базар ағамның әйелі “мен асырап аламын” деп 5 әйел келіп, есікті жауып, қолымнан жұлып алды. Менен бір ауыз сұраған да жоқ. – Жассың, байға тиесің, баланы табасың, саған бала жолда, – деді”, – дейді Жанат Разақбайқызы.
Сол жағдайдан кейін әйел туыстарымен мүлде араласпаған. Жақында үйлеріне арнайы бардым, бірақ олар мені танымайды, – дейді. Себебі туыстары Жанатты үйіне жолатпаған көрінеді.
“Күндіз түні қызымның “мама” деген шырылдаған үні құлағымнан кетпейді. Қандай ана өз баласын ойламайды? Міне, 28 жыл мен ұйықтамаймын. 28 жыл бойы шыңғырған баланың үні құлағымнан кетпейді. Неше жылдан бері ішімдегі қара күйені шығара алмай, ішімнен тынамын. Сол қызды тапсам деймін. Осы уақытқа дейін бәрінен сұрадым, ешқайсысы айтпайды”, – дейді әйел.
Бірнеше жылдан кейін Жанат өзінен 8 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Бүгінде үш ұлы бар.
Жанаттың нағашы жеңгесі Рахима Рахманқұлова оның сөзін жоққа шығарып отыр. Айтуынша, сол күні ол Жанаттың жүзін көрмеген. Ал оның анасы баланы орап, өз еркімен осы кісіге тапсырған.
Рахима Рахманқұлова баланы алып, ауылына жол тартқан. Алайда күйеуіне нәрестенің қайдан келгенін ашып айта алмаған. Қарындасының жайынан хабарсыз болғандықтан, баланы көшеден таптым деп жалған сөйлеген. Ақырында күйеуі бәрін заңмен шешпек болып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Ондағылар баланы тексеріске жіберіп, ақырында оның басында жырық бар екені анықталған.
“Барып, шалға айттым. Не істейміз? – дедім. Қайта бар деді. Бірақ сол ауруханада қалды. Өз фамилиямызды бердік. Рахманқұлова Жанар Базарқызы деп жаздырдық”, – дейді кейуана.
Бұдан кейін әйел баланы көрмеген.
Әйгілі экстрасенс Кямран Самедов Жанаттың оқиғасына қатысты өз болжамын айтты. Ол нәрестені келіншектің туыстары ұрлап кеткенін растап, қыздың тірі екенін айтты.
“Оны оңтүстік аймақтан іздеу керек. Тараздан, Бішкектен. Қыздың жағдайы жақсы. Ол тұрмыста. Оны ешқандай да балалар үйіне өткізбеген. Бар болғаны бір отбасы оны алып, бауырына басқан”, – деп кесіп айтты көріпкел.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.