"Қолма-қол ақшаға жеткізуге келіскен": "Қазақстан темір жолы" тағы бір заңбұзушылықты анықтады
"Қазақстан темір жолы" компаниясы жасырын тексеріс барысында Алматы-1 теміржол вокзалында жолаушының билетсіз жүрген фактісін анықтады. Оқиға видеоға түсірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: РИА Новости
Мәліметтерге сенсек, бұл жолы №43 Алматы-Қостанай жеке пойызының жолсерігі билеті жоқ жолаушыны қолма-қол ақшаға жеткізуге келіскен.
"Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жіберіледі. Ұқсас тексерістер елдегі барлық вокзалдарда жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Қазақстан теміржолының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, №43 Алматы-Қостанай пойызы жеке тасымалдаушы "Түрксіб Астана" ЖШС-ға тиесілі.
"ҚТЖ" ереже бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" принципін ұстанып, азаматтарды билетсіз жолаушыларды тасымалдау және билеттерді заңсыз қайта сату фактілері туралы фото, аудио және видео материалдармен бірге @jolaushylar_tasymaly (direct) парақшасына немесе WhatsApp арқылы +7 776 714 5686 нөміріне хабарласуға шақырады", – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
2023 жыл мен 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚТЖ қызметкерлері рейдтер барысында пойыздарда 175 заңбұзушылықты, соның ішінде 144 билетсіз жолаушы тасымалын қамтыған 78 жағдайды анықтады. Қызметтік тергеулер нәтижесінде 65 қызметкердің еңбек келісімшарты бұзылған.
Сонымен қатар Алматы-Қостанай бағыты бойынша вагондардың жағдайына қатысты оқырмандар бірнеше рет шағымданған. Қазан айының ортасында бұл вагондардың жаңартылатыны белгілі болды. Көлік министрлігі №43/44 Алматы-Қостанай бағыты бойынша жаңа жолаушылар вагондары 2024 жылдың қараша айынан бастап жүреді деп уәде етті.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақстан темір жолы" филиалының басшысы сотталғанын жаздық. Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот "Қазақстан темір жолы" АҚ филиалы "Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясының" директоры Амринға қатысты сот үкімін шығарды. Сот шешіміне сәйкес, Амрин өзінің билігін асыра пайдаланып, мемлекетке 21 миллион теңге көлемінде залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды.