Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелде есепшот ашуға шектеу қойылады: Президент мемқызметкерлердің қатаң бақылауда болатынын ескертті

Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстан халқына жолдауында жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

пара

Президент елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі жүзеге асып жатқанын айтады. 

"Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлықпен қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн", - деді Тоқаев.

Сонымен-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеге қоғамды тарту маңызды екенін айтты.

"Сыбайлас жемқорлықпен күреске жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын "Қоғамдық бақылау туралы" заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсіру керек. Оларды сатып алуларды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту керек, - деді ол.

Президент жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің қос азаматтығы анықталған жағдайда қызметінен босатылатынын қадап айтты. 

"2021 жылдан бастап, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктеріндегі есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттарды сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекет қызметшінің немесе квазимемлекеттік сектор басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатаңдату тұрғысынан ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізу керек", - деді ол.

Бұдан кейін жемқорлықпен айналысқандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтын болды. 

"Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйені қалыптастыруымыз керек", - деп түйінді Тоқаев. 


Президент жолдауы 2020: Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуінің толық мәтіні

Талқылау