"Колледж түлектерін мемлекеттік қызметке алуды қарастыру керек": Тоқаев елдегі кадр тапшылығын жою мәселесіне тоқталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елдегі кадрлық әлеуетті арттырып, мамандар тапшылығын жою керек екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Президент ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығы туралы тілге тиек етті.
“Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.
Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек”, – деді ол.
-
Президент АЭС салуға қатысты референдум қашан өтетінін айтты
Тоқаевтың айтуынша, жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Сонымен қатар үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
“Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және "академиялық туризмге" айналдырмау керек”,-деп қорытты ол.