Қолын сындырып, жекпе-жектен шеттетілген: Елеусіновтің жаңа қарсыласы белгілі болды
18 желтоқсан күні өтетін бокс кешіндегі Данияр Елеусіновтің қарсыласы Данте Хардон спарринг кезінде қолын сындырып алған. Мексикалық боксшы жарақатына байланысты жекпе-жекке қатыса алмайтын болды. Чемпиондық белбеуді сарапқа салатын кездесудегі Елеусіновтің жаңа қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қатты қапаландым. Дегенмен бұл – спорт. Дайындық кезінде қолымды сындырып алдым, дәрігерлер жұдырықтасуға тыйым салды. Өмірімдегі ең үлкен мүмкіндік еді. Даниярға тек жеңіс тілеймін және келешекте рингте жолығамыз деп үміттенемін", - деп жазды Хардон.
Кейінірек отандасымыздың менеджері Зия Алиев Даниярдың 28 жастағы аргентинкалық Хуан Эрнан Леаомен жұдырық түйістіретіні туралы мәлімдеді.
Қос боксшы үшін аталмыш жекпе-жек маңызды болмақ, себебі олар әлем чемпионы атағын және IBO белбеуін сарапқа салады.
Эрнан Леао соңғы 10 кездесуде жеңіске жеткен. Бұл – оның өзге құрлықта өткізетін алғашқы жекпе-жегі. Бір жыл бұрын ол Бразилияда жұдырықтасып, Фернандо Луиш Пинтодан WBO Latino белбеуін жеңіп алған еді. Сонымен қатар аргентиналық боксшы Бүкіләлемдік бокс ұйымы рейтингінде топ-15-тің қатарына енген.