Қазақстанда көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл жоқ – Ішкі істер министрлігі
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын заң жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Мәжілісте өткен талқылауда депутат Нартай Сәрсенғалиев еліміздің солтүстік өңірлерінде көлік қозғалтқышын 5 минут қыздыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол суық көлікпен жүру түрлі ақауларға және көлік иелері үшін қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Бірақ вице-министр ақпарат бұрмаланып кеткенін түсіндірді.
Ол жол қозғалысы туралы заңда "тоқтау" және "тұраққа қою" ұғымдары бар екенін айтады.
"Бес минутта көлікті қыздырсын деп айтылмаған. Қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көліктердің тұрғындарға ыңғайсыздық тудыратындай етіп, елді мекендерде тоқтауына тыйым салынады. Біз тек шағым бойынша адамдарды осы ережемен жауапкершілікке тартамыз. Өткен жылы мұндай үш оқиға тіркеліп, прокуратура оның біреуінің күшін жойған. Яғни қозғалтқышты қыздырғаны үшін ешкімді жауапкершілікке тартпаймыз, – деді Лепеха.
Өз кезегінде депутат Бақытжан Базарбек мемлекеттік органдар түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегенін сынға алды. Мәжіліс депутаты "бес минут туралы шу — бұл мемлекеттік органдардың қателігі" деді. Базарбек заңнамада қозғалтқышты ұзақ уақыт қыздыруға тыйым салынбағанын және қажет болса, мәслихаттар жергілікті ережелерді белгілей алатынын түсіндірді.
"Мемлекеттік органдар заңда бес минут туралы ештеңе жоқ екенін түсіндіруі керек еді. Енді бәрі осы мифті талқылап жатыр, ал көптеген адамдар бұдан хайп жасап жатыр", — деді депутат.
Қаңтарда петропавлдық ер адам көлігін 5 минуттан артық қыздырып, айыппұл төлеген бірінші адам болды. Сөзінше, оны көршілері ұстап беріп, 102-ге қоңырау шалған.
Осыдан кейін аталмыш ереже талқыға түсіп, сынға ұшырады. Депутат Нартай Сәрсенғалиев те вице-министр Роман Склярдан аталмыш заңды алып тастауды сұрады. Сөзінше, әуелі зиян қалдықтарды ауаға шығаратын зауыттарды тазалаған жөн.