Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көлік түгілі адам салмағын көтермейді": Шымкенттіктер үгітіліп жатқан "жаңа" жолды айтып шағымданды

Шымкенттің шағын аудандарында салынып жатқан жаңа жолға жұрттың көңілі толмайды. Асфальттың ені тым қысқа, әрі жұқа, көлік түгілі адам салмағын көтермей үгітіліп жатыр. Оның үстіне жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмаған, жол бойына жиек тастар орнатылмады, дейді тұрғындар. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

жол

Жергілікті халықтың айтуынша, осы іске жауаптылар онсыз да сапасыз салынып жатқан жолдарды бұдан бұрын орындалған жұмыс деп есеп берген екен.

20 жылдан бері асфальт салынбаған көше тұрғындары жұмыстың орындалу сапасына наразы.

"Асфальтіміз 3 см, ені - 4,5 метр, кішкентай-ақ. Екі машина сыймайды. Қарама-қарсы машина келсе, біреуі шетке шығады. Одан қалды, бала-шаға бар. Асфальт түсіп жатыр, өтірік істеп, бір жалатып кетіп жатыр. Былтыр істелген жол, бір бір өтсек болды, дейді", - деді жергілікті тұрғын Нұржан Арқарбеков. 

Құрылыста жауын суын ағызатын бетонды арық та, жиек тастар мен жаяу жүргіншілер жолы мүлдем қарастырылмаған. 

"Жанымызда Қошқарата өзенінің бір атызы ағып жатыр, ол осындай жұқа асфальтті ағызып кетпесіне кім кепіл", - деп отыр жұрт.

Айтуларынша, осындай бірнеше көше сапасыз жасалынған.

"Ана көшеміздің бәрін қазіп тастады, мектептің көшесі еді. Асфальт бұрын да болмаған", - деді тұрғын Берік Көшеров.

Ал участок басшысының сөзінше, жолдың құрылысына 23 млн теңге бөлінген. Мердігер 1370 метр асфальт төсеу тапсырылғанын атп өтті. Бірақ нысаналы мақсат - тастақ көшеге жол салу емес, орта жөндеу екен. Сондықтан оған арық салып, жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылмаған, деп кесіп айтты.

"Сметалық құжатта ені көрсетілмеген. Квадрат метрмен берілген. 6834 метр, жолдың ұзындығына шаққанда ол 5 метрге жуық болады. Нақты - 4,95 метр. Мен өлшегенмін", - деді участок басшысы Қайрат Рахымбердиев.

Ал жұрт қалдықпен жол салуға қарсы. Олар сапаға мән бермейінше жол салдырмаймыз деп бекініп отыр.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2020 11:49
Талқылау