"Көлік санының артуы себеп": Шымкентте жүргізушілер автогаз тапшылығына шағымданып жатыр
 Фото: freepik.com
Фото: freepik.com
Шымкентте автокөлік иелері автогаз тапшылығына шағымданып жатыр. Олардың сөзінше, қалада, әсіресе таңертең және кешкі уақытта тапшылық қатты сезіледі. Сол үшін жүргізушілер алдын ала бронь жасауға мәжбүр екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тамыз айында автогаздың литрі 102 теңгеге қымбаттаса да, Шымкентте жанармай тапшылығы сақталып отыр. Қаланың Энергетика және инфрақұрылымды дамыту департаментінің мәліметінше, уақытша тапшылық көлік санының артуына және айдың соңында жеткізу кестесінің өзгеруіне байланысты.
“Автокөлік санының көбеюі және ай соңында жеткізу кестесінің өзгеруіне байланысты Шымкентте сұйытылған мұнай газының уақытша тапшылығы байқалып отыр. Біз Энергетика министрлігіне қосымша газ көлемін бөлу туралы өтініш жолдадық. Қазір қосымша көлем бөлінді. Мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Шымкентте 463 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Олардың шамамен 15%-ы сұйытылған газбен жүреді. Жағдай жыл сайын тек газбен жүретін көліктердің көбеюінен ғана емес, транзиттік көліктер ағынының өсуінен де қиындап жатыр. Олардың қатарында Түркістан облысынан келетін жүк көліктері мен жеңіл автокөліктер де бар. Олар Шымкенттегі газ құю бекеттерінде жанармай құяды.
Әкімдік өкілдері де жанармай құю кезінде туындайтын қиындықтар басқа өңірлерден келетін жүргізушілердің көп болуымен байланысты екенін растады.
“Газбен жүретін бұл көліктер қала статистикасына енгізілмейді. Сондықтан тапшылық бар деген әсер туғызуы мүмкін”, – деді Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда газ тапшылығынан жанармай құю бекеттерінде бірнеше шақырымдық кезек пайда болғаны туралы жазған едік.
 
