Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап жүк көліктеріне ортақ жолдарда жүруге тыйым салуды қарастырмақ
Көлік министрлігі жүк көліктерінің қалаларда жүруіне тыйым 2026 жылы емес, 2025 жылы салынады деген еді. Stan.kz агенттігі Көлік министрлігіне ресми сауал жіберіп, жүк көліктеріне қатысты тыйым қашан іске асатынын сұрады.
Фото: Depositphotos.com
Айта кетейік, өзге елдерде карьерлік жүк көліктеріне жалпыға ортақ автожолдарда жүруіне тыйым салынған. Ал Қазақстанның көлік министрлігі мұндай шектеулерді 2023 жылдан бастап іске қосқысы келгенімен, нарық қатысушылары аз да болса, уақыт беруді сұраған.
Көлік министрлігінің бізге берген дерегінше, Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстанның 2022 жылғы 29 желтоқсандағы заңымен "Автомобиль көлігі туралы" заңы жаңа 38-2-бабымен толықтырылған.
“Осыған сай, жүк көлігінің рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан заңнамасында белгіленген автокөлік құралының жол берілетін жалпы массасынан асатын жүктерді өзі аударғыш автомобильмен жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен және елді мекендерінің көшелерімен тасымалдауға жол берілмейді. Аталған тыйым 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі”, – деп жауап берді көлік министрлігі Stan.kz-ке берген жауабында.
Жалпы жолдарда ауыр салмақты көліктермен жүк тасымалдауға тыйым салуды енгізу мерзімі 2025 жылғы 1 қаңтарға ауысты ма?
Министрліктің дерегінше, аталған тыйымның қолданысқа енгізу мерзімін 2025 жылға ауыстыру туралы мәселе қаралып жатыр.
“Қазір министрліктің бастамасы бойынша, автомобиль жолдарының уақытынан бұрын тозуының алдын алу және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, үкіметте жоғарыда аталған тыйымның қолданысқа енгізу мерзімін 2025 жылға ауыстыру туралы мәселе қаралып жатыр. Егер бастама қолдау тапса, "Автомобиль көлігі туралы" заңға тиісті өзгертулер енгізіледі. Өзі аударғыш автомобильдермен жүк тасымалдауға тыйым салуды енгізу мерзімі 2025 жылғы 1 қаңтарға ауысқан жоқ”, – деп хабарлады министрлік.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жүктерді тасымалдауға арналған, техникалық рұқсат етілген ең жоғарғы массасы 12 тоннадан асатын N3 санаттағы 155 мыңнан астам өзі аударғыш автомобильдері тіркелген.
“Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен Қазақстанның автомобиль жолдарымен жүру параметрлері егжей-тегжейлі реттелген. Мысалы, бұйрық талаптарына сай, 3 білікті (осьті) автокөлік құралдарының жалпы салмағы 25 тоннадан, ал 4 білікті, оның ішінде екі басқару білігі бар өзі автокөлік құралдарының жалпы салмағы 32 тоннадан аспауға тиіс”, – делінген министрлік жауабында.
Жалпыға ортақ автожолдарда жүк көліктеріне жүруге тыйым салу не себепті қолға алынды?
Қазақстанның жол саласындағы негізгі проблемаларының бірі – әдеттегідей, жол төсемдерінің уақытынан бұрын бұзылуы және тозуы. Министрлік жолдар көбіне ауыр салмақты автокөлік құралдарының, карьерлерден инертті жүктерді тасымалдайтын өзі аударғыш автомобильдердің жоғары қарқынмен жүруі салдарынан бұзылады дейді. Жалпы ұзындығы 157 мың км автомобиль жолдарында көліктік бақылау 43 көліктік бақылау бекеттерінің күшімен жүргізіледі, яғни 1 бекетке 5 мың км жолдан келеді.
“Осылайша, тек жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің күшімен толық бақылау жүргізу іс жүзінде мүмкін емес. Сонымен қатар көліктік бақылау бекеттерінің жұмысы адами фактор және бақылаушының көлік жүргізушісімен тікелей байланысқа түсуіне байланысты сыбайлас жемқорлық қаупіне ұшырап жатады. Жалпыға ортақ автожолдарда карьерлік жүк көліктеріне жүруге тыйым салу автомобиль жолдарының уақытынан бұрын тозуының алдын алу және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды”, – делінген Көлік министрлігі хабарламасында.
Бұған дейін Қазақстанда жүк көлігінің салмағы нормадан асып кеткен жүргізушілерге 3,7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатыны айтылған. Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Қазір рұқсат етілмеген ауыр жүкпен келіп, инспекция қызметкерлерінен қашқан жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, құрылғы жолдардың бұзылуының алдын алу үшін қойылған.