AAPL
138.93 $
1.62 %
TSLA
681.79 $
1.24 %
NDAQ
155.59 $
2 %
GOOGL
2174.75 $
-0.21 %
FRHC
44.39 $
0.09 %
AAPL
138.93 $
1.62 %
TSLA
681.79 $
1.24 %
NDAQ
155.59 $
2 %
GOOGL
2174.75 $
-0.21 %
FRHC
44.39 $
0.09 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаяу жүргіншілерге қауіп төніп тұр": Қызылорда облысында теміржол өткеліне қатысты мәселе шешімін табар емес

Қызылорда облысына қарасты Арал қаласында көп жылдан бері теміржолға аспалы көпір салу ісі өзекті мәселеге айналған. Бұл түйткіл төңірегінде жергілікті құзырлы орындар хабардар. Алайда түрлі себептермен көпір құрылысы кейінге шегерілумен келеді. Өңір халқы болса күн санап көлік саны көбейгенін, теміржолдан өту қаупі өршіл тұрғанын айтып, мұңын шағуда, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Арал ауданында жол азабын жеңілдетеді деп үміт артқан көпір құрылысын жергілікті жұртшылықтың күткеніне көп жыл болды. Ең алғаш көпір салу ісі 2019 жылы көтерілген, содан бері нысанның құрылысы кейінге шегерілумен келеді екен. Әне-міне салынады деумен ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өтіп жатыр.

Жалпы қала статусындағы аудан орталығында 40 мың халық тұрады. Жыл санап көлік саны да артып келе жатқаны байқалады. Соның салдарынан теміржол өткелінде арғы беттен бергі жағына қатынап жатқан көліктер жиі кептелісте қаздай тізіліп тұрып қалады. 

Теміржолдан өтулері азапқа айналған жергілікті жұртшылықтың бір көпір салынса деген тілегі бар. Оның үстіне теміржолға салынған жалғыз ескі өткел, байырғы шлагбаум бүгінгі күннің талабын өтемей тұрғаны айтпаса да түсінікті. Тіпті бұл жерде келеңсіз оқиғалар да жиі орын алып тұрады. Алайда халықтың уәжіне құлақ түрсек, талаптарының бұгін-ертең орындалатынына күмәнмен қарап отыр. 

“Шынында да бұл мәселе тұрғылықты халықты шаршатып тұр. Бұл жерде күнделікті көлік кептелісі бірнеше шақырымға созылып, жаяу жүргіншілерге қауіп күшейген. Жұмысқа асыққан адамдар кептеліс салдарынан өткелде ұзақ тұрып қалады. Себебі жолаушылар пойызынан бөлек осы теміржолдан көптеген жүк пойызы өтеді. Кейде бірнеше пойыз бірінен соң бірі өтіп жатады. Сондай кезде көлік кептелісі пайда болып, өткелден өту тіпті қиындық туғызып жатады. Көлік қақтығысы орын алу қаупі де басым. Өзім осы өткелмен күніге төрт-бес мәрте өтемін. Қай кезде де кептелісте кептеліп қалып жатамыз. Екі-үш жыл қатарынан аспалы көпір салынатыны сөз болып,  бұл бәрімізді қуантқан болатын. Алайда әлі күнге нәтижесін көре алмай отырмыз. Жергілікті биліктегілер осы мәселені жеделдету шешіп берсе деген тілегіміз бар”, – дейді қала тұрғыны Б. Смайыл.

Осы мәселе төңірегінде Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. 

"Темір жол өткеліндегі кептеліс өңірде өзекті мәселеге айналып тұрғаны жасырын емес. Осы келеңсіздікті жою мақсатында 2020 жылы аудандық бюджеттен құрылыстың техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. 2021 жылы жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Алматыдорпроект» ЖШС жеңімпаз танылды. Алайда құрылыс заттарының тым қымбаттауына орай бұл жоба-сметалық қүжаттамада көрсетілген баға техника-экономикалық негіздемесінің құнымен сәйкес келмей қалды. Соған орай бүгінде 2020 жылы есептелген ТЭН-ге мердігер тарапынан қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сараптама жасалуда. Бұл жұмыстарды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып, қажетті қаржыға салалық басқармалар мен министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылады. Қаржысы да сол кезде нақтыланады. Нәтижесінде көпір құрылысын салуды қолға алатын боламыз», – деп түсіндірді бұл жайында бөлім басшысы Амантай Тасқынбаев.

Негізінен өңірден теміржол арқылы тәулігіне 50-дің үстінде жолаушылар және жүк пойыздары өтеді. Жаз мезгілінде олардың саны тіпті артады екен. Ал автомобиль көлігінің тіпті көбеюі салдарынан кептеліс 2-2,5 шақырымға дейін артады. Құзырлы орындар пікірі осыған саяды. 

Бұған қоса арғы беттен бергі аймаққа сабағына қатынайтын оқушылар, түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысатын балғындар да осы теміржолды жағалап жүруге мәжбүр. Оның да қаншалықты қауіпті болып тұрғаны айтпаса да белгілі. 

Сондықтан да жалғыз теміржол өткеліне телмірген жергілікті жұртшылық мәселенің жеделдете шешілуіне мән берілсе дейді. Ал құзырлы орындар тарапынан құрылыстың осы жылдың аяғына таяу басталатынын тілге тиек етіп  отыр. Соған қарағанда өңір халқы ескі өткелдің азабын әлі де біраз уақыт тартатын сияқты.

Дайындаған: Ербақыт Жалғасбаев

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр