Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолы дірілдеген ата мен домофонға қолы жетпейтін бала": Қазақстандықтар балалар мен егде жастағылардың курьер болып жұмыс істегеніне шағымданды

Әлеуметтік желіде елімізде курьер ретінде 9 жасар баладан 65-тен асқан егде жастағыларға дейін жұмысқа кіретіні туралы видео тарады. Бұған қазақстандықтар наразылық білдіріп жатыр. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі жеткізу қызметтерінен курьерлердің қанша жастан бастап жұмысқа қабылданатынын сұрап көрді.

Фото: ВК желісінен скринделген

TikTok желісінде астаналық Алишер есімді жігіт тапсырысының кешіккеніне қатты ашуланып, курьердің жұмысына шағымданамын деп ойлаған. Алайда ол қолы дірілдеген атаның кешірім сұрап тұрғанын көріп, бұл ойынан бас тартқан. Себебі егде жастағы ер адам суық күнде тамақты жаяу тасып, жеткізіп берген.

Бұған қатысты тағы бір Алфия есімді қыз курьер мекенжайды таба алмай жатқанда ұрсып тастағанын айтады.

@aggalishka_66

Лайкаю новых подписчиков в тт

♬ оригинальный звук - Tati
"Бірақ ол асығып бара жатып велосипедтен құлап қалған. Шамамен 11 жастағы бала болып шықты. Ол қатты кешірім сұрады. Сол сәтте өзімді өте жаман адамдай сезіндім", – деді Алфия.

Тағы бір оқырман курьер жақын жерде тұрса да, аулаға кірмей тұрғанына таңғалғанын айтып берді.

"Ешнәрсе айтпай, мән бермедім. Сосын телефон шалды, арғы жақтан өте нәзік дауыспен домофонның кодын сұрады. Дауысын тыңдап, мүмкін қыз шығар деп ойладым. Сол кезде есікке 9 жас шамасындағы кішкентай бала келді. Бұл баланың осындай жасында жұмыс істеуге мәжбүр болуы жүрегімді ауыртты. Оның курьер болып жұмыс істеуге жақсы өмірден келгені екіталай", – деді оқырман.

Қазақстандық оқырмандардың уәжіне байланысты Яндекс Go және Choco жеткізу компанияларынан курьерлерді қабылдау кезінде қандай талаптар қойылатынын сұрадық.

Ал Яндекс Go қызметіне қарасты Vezunchik Pro Courier компаниясының басшысы Ярослав Радионов мұндай қызметкерлерді жұмысқа қабылдау процесі қалай өтетінін айтып берді.

"Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде мониторинг жүргізіледі. Жас шектеулері тексеріледі (жаяу, велосипедпен, мотоциклмен жүрген курьерлер үшін 18-55 жас, автокурьерлер үшін 65 жасқа дейін). Курьер белгіленген уақытта келіп, қабылдау бөліміне жүгінеді. Онда оның деректері және қызмет көрсетудің тапсырыстар тарихы, блоктаулардың бар-жоғы тексеріледі. Тексеру сәтті өткен жағдайда курьер көпшілікке арналған офертаның шарттарымен келіседі", – деді Ярослав Радионов.

Ярослав Радионовтың айтуынша, курьерлердің деректері қауіпсіздік жүйесімен қорғалған және қызметкерлердің барлық әрекеттері тіркеледі. Бұл мәліметтердің үшінші тараптарға берілуіне жол берілмейді. Ол құжаттар egov Mobile арқылы қол қойылып, процестің заңдылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Төлемдер серіктес банк арқылы жүзеге асырылады, бұл қаражаттың қосымша қорғалуын қамтамасыз етеді. Хабтардағы қызметкерлердің барлық әрекетін қауіпсіздік бөлімі (ҚБ) бақылайды. Тіркелу біздің кеңседе офлайн форматта жүзеге асырылады. Үміткерлердің құжаттары тексеріліп, жас шектеулерін ескеріп қана ресми келісімшарт жасалады. Кәмелет жасына толмағандарды тіркеу алынып тасталған. Себебі бұған бізде тыйым салынған", – деді Ярослав Радионов.

Choco компаниясы да ешқашан 18 жасқа толмаған курьерлерді жұмысқа алмайтынын жеткізді. Олардың сөзінше, бұл ешбір факторларға (кепілгерлер, кәмелетке толған қамқоршылардың жазбалары және т.б.) қарамастан өзгермейді.

"Жұмысқа қабылдау процесі менеджердің қатысуымен, тікелей форматта өтеді. Жұмысқа орналасу үшін жеке басын растайтын құжаттар және кейбір тіркеуде болмауын дәлелдейтін анықтамалар жинағы қажет. Курьерлер қашықтан, яғни онлайн жұмысқа қабылданбайды. Choco компаниясына жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде кеңсеге жеке келу қажет", – деді Choco компаниясы.

“Компанияға кәмелетке толмаған балалар ата-анасының электронды поштасы немесе аккаунттары арқылы тіркеле ала ма?” деп сұрадық.

"Жоғарыда айтылғандай, әрбір курьер жеке кездесуге қатысуы керек. Өзін өзі тіркеу немесе жұмысқа бірден қосылу мүмкін емес. Әрине, кейбір жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Мысалы, курьер әңгімелесуден және оқып болғаннан кейін "жұмысқа шығып", телефонын аккаунтымен бірге бөгде адамға беруі мүмкін. Бұған қатаң тыйым салынған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін компания таңдамалы фотобақылау функциясын енгізіп жатыр. Егер бұзушылық анықталса, курьердің аккаунты дереу өшіріліп, қызмет көрсету сапасына жауапты арнайы бөлімнің ішкі тексерісі бірден басталады", – деп жауап берді Choco.
Талқылау