Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолхат жазсаң жеткілікті": Жамбылдық келіншек несие рәсімдеуге уәде еткен алаяқтарға қалай алданып қалғанын айтты

Интернет кеңістігінде несие рәсімдейміз деп алдайтындар пайда болды. Алаяқтар өзгелердің атын жамылып жұмыс істейді екен. Олар несиеге келісім берілді деп халықты қызықтырып, содан кейін комиссиясына ақша ұстайды деп қаржыларын жымқырады. Осындай алаяқ-кредиторларға алданған Бота есімді оқырманымыз Stan.kz редакциясына хабарласып, қаскөйлердің құрығы мен айлалары туралы баяндап берді.

Бота Мырзабаева – Жамбыл облысының тұрғыны. Ол қаржылық қиындықтарға тап болып, несие алғысы келген. Алайда тұрақты жұмысы болмағандықтан, банктер оған несие бермейтін. Келіншек мұның шешімі ретінде Интернеттен микронесие, қарыз беретін компанияларды іздеген. Осылайша микроқаржылық сайттардың біріне кірді. Алайда соңында өзі 100 мың теңгеден астам ақшадан қағылыпты.

"Ақпараттарымен танысып, қарап, Айқын Сетеков дегенге көзім түсті. Ол несие рәсімдеуге көмектеседі. Осылайша көрсетілген поштасына хат жазып, қалай несие алуға болатынын сұрадым. Ол шарттарын жіберіп, қолхат жазсаң жеткілікті деді", – дейді алданған әйел.

Бұдан соң ер адам оған сілтеме жіберіп, аты таныс емес банктен шот аштырған. Бұл сілтеме алғашында әйелге күмән ұялатқан, өйткені бұл қазақстандық банктердің сайтынан өзгеше еді. Алайда аталмыш шотқа кенет 500 мың теңге түскенін көріп, келіншектің күдігі лезде сейілді. 

"Ақшаны өзімнің бұрыннан бар шотыма аударып алайын десем, верификация өту керек. Ол үш кезеңнен тұрады екен. Үшінші кезеңінде екі рет 51 мың теңгеден картаға ақша салу керек деді. Ақшаның бәрі шотта тұрады, қайтарып аласыз дегесін, төлем жасадым. Бірақ екі рет төлем жасасам да, өз шотыма ақша аударылмайды", – дейді ол.

Бота менеджерлерден көмек сұрап, ақша аударылмай жатқанын түсіндіреді. Бірақ олар тағы да төлем жасауды ұсынған. Осы кезде жамбылдық әйел алаяқтарға алданғанын түсініп, олармен байланысын үзеді. Соған қарамастан "несие берушілер" келіншекке қайта-қайта жазып, тіпті сотқа береміз деп бопсалаған.

"Саған қаржыны аударып қойдым, енді комиссиясын төле" деді, үндемедім. Одан кейін ақшаны қайтармасаң, сотқа береміз деп қорқытты. "Қолхатта бәрі жазылған, сен төлеуің керек" дей берді. "Шарттарын оқымаған өзіңнің кінәң" деп зекіп те жіберді", – дейді келіншек.

Мырзабаева аталмыш консультантты іздей бастайды. Оның әлеуметтік желілерін анықтап, байланысқа шыққан. Сөйтсе, консультант осы уақытқа дейін Сетеков деген қазақстандық ер адамның атын жамылған екен. Шын мәнінде Сетеков мүлдем несие берумен айналыспайды. Ер адам мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғанын айтты. Соның кесірінен оған бірнеше мәрте шағым түскен, үстінен арыз жазылған. Ер адамның айтуынша, жәбірленушілердің ішінде миллион теңгеге дейін алданып, алаяқтың бопсалағанынан қорқып, бар ақшасын аударып қойғандар да бар.

Кейіпкер алаяқтардың қазақша түсінбейтінін атап өтті. Олар Мырзабаеваның қазақ тілінде жазылған хабарламаларына жауап қайтара алмай, тек орыс тілінде сөйлесті. Осыған қарап, жамбылдық әйел бұл шетелдік алаяқтардың ісі деп күдіктенеді. 

"Бұл алаяқтардың тіпті заңгері де бар. Себебі маған біреу ресейлік нөмірден "тегін консультация беретін заңгермін, ақшаңды қайтарып беремін" деп хабарласты. Әйтпесе заңгер мені қайдан біледі? Содан кейін "ақшалар шетелдік банкте тұр, оны алу үшін комиссия төлеңіз, тездетіңіз" деп асықтырды", – деді Мырзабаева.

Алайда олардың алаяқ екеніне көз жеткізген ол бұған мән бермеді.

Бота Мырзабаева алаяқтардың ресейлік екенін түсінгендіктен, полицияға шағымданбаған екен.

Ботаға жіберілген сілтеме қазіргі таңда ашылмай тұрса да, алаяқтар тірлігін әлі де жалғастырып, арбауларын қояр емес. Келіншек басқа қазақстандықтарға сақ болып, ақшаны белгісіз біреулерге аударудан сақ болуға шақырды.

Талқылау