Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолданылған мүшеқап пен хат қалдырған": Атырауда белгісіз біреу студент қыздарды зорлайтынын айтып қорқытқан

Атырауда белгісіз біреу қалаға оқуға келген 15-16 жастағы студент қыздарды зорлап тастайтынын айтып қорқытқан. Ол қыздардың есігіне қолданылған мүшеқап пен хат іліп кеткен. Бұл туралы «НеМолчи.kz» қорының Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қордың парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, грант бойынша оқуға түсіп, қалаға оқуға келген екі студент қыз пәтер жалдап тұрған. 12 қыркүйекте әлдекім олардың есік-терезесін  қаққан. Алайда қыздар ешкімді көре алмапты. Ертесі күні дәл осы жағдай қайталанады. Қыздар есікті ашқанда, тұтқада қолданылған мүшеқап ілініп тұрған.

Мұнан кейін қыздар полиция шақырған. 

«16 қыркүйекте қыздардың есігіне хат қалдырып кеткен. Онда тағы мүшеқап бар», - делінеді хабарламада.

Ал хатта: «Бәрібір сендерді с.... аламын», - деп жазылған. 

«НеМолчи.kz» қорындағылар бұл жағдайды кәмелет жасқа толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қол сұғу деп қабылады.  

«Сараптама үшін биологиялық материал бар. Ендігі иесін табу керек», - дейді қордағылар. 

Мұнан кейін қорда 20-дан астам ерікті мен спортшының студент қыздарды қорғап отырғаны хабарланды.

Аталған оқиғаға қатысты Атырау қалалық полиция департаментіне хабарласып көрдік. Полициядағылар бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. 

Талқылау