"Қол тигізудің амалын іздейтін": Жұмыста сексуалды сипаттағы қысымға ұшыраған қазақстандық қыз-келіншектер оқиғасын айтты
Әйелдер көшеде, бейтаныс жерлерде ғана емес, жұмыс орнында да жиі сексуалды сипаттағы қысыммен бетпе-бет келіп, харассментке ұшырайды. Алғашында арулар әріптесінің мінез-құлқының астарында не жатқанын түсіне алмағандықтан, бұған қалай реакция білдірерін білмейтін көрінеді. Сол үшін көбіне бұл жауапсыз әрі үнсіз қалады. Қазақстандық қыздар Stan.kz тілшісіне харассментке тап болған оқиғаларын және сол кезде не сезінгендерін айтып берді.
Иллюстративті фото
Харассмент немесе сексуалды сипаттағы қысым дегеніміз – адамды азғындап, жеке шекарасын бұзу, физикалық және моральдық тұрғыдан тиісу. Харассментке тиісу, қырындау, ұятсыз сипаттағы әзіл айту және қол жүгірту жатады. Тіпті қайта-қайта қоңырау шалу да – харасменттің белгісі.
Бұл адамға жасалған психологиялық шабуыл екенін түсіну керек. Адамды ыңғайсыз жағдайда қалдырып, ұялуына әкелетін орынсыз комплименттер де – азғындық.
“Саныма, беліме қол жүгіртті”
Қазақстандық қыз-келіншектер жиі харассментке ұшыраса да, мұны көпшілікке айтудан тартынады. Алайда журналист Әсем Гумарова бұрынғы редакторының жиі алымсақтық жасап, харассмент көрсеткенін айтты. 21 жастағы қыз 3 жыл бұрын Orda.kz сайтында жұмыс істеген. Сол кездегі редактор, яғни бастығы оған анайы әзілдер айтып, денесіне бірнеше рет қол жүгірткен көрінеді.
“Мен ол кезде 18-де едім, бұл менің алғашқы жұмыс орным болды. Сырым Итқұлов менің алғашқы бастығым болғандықтан, басшы мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас әдебінен хабарсыз болдым. Ол өзін ерсі ұстап, менің беліме, саныма бірнеше рет қол жүгірткен. Ұятты мәндегі хабарламалар жіберді. Мен кішкентай болғандықтан, қалай қорғанатынымды, қандай реакция білдіретінімді де білмедім. Қазір ес кіріп, бұл нағыз алымсақтық екенін түсіндім”, – дейді ол.
Айтуынша, ол өзі ғана емес, бірнеше қыз сол жұмыс орнында редактордың харассментіне ұшыраған.
Түнде ұятсыз хабарламалар жіберген
Жоғарыда аталған сайтта жұмыс істеген тағы бір журналист қыз осылай редакторынан моральды зардап шеккен. Айтуынша, бастығы алғашында мейірімді болып көрініп, оған достық пейіл танытқан, үнемі көмектесіп жүрген. Сол үшін қыз мұны алғашында достық деп қабылдаған.
“20 жастағы ауылдан келген қыз достық пен харассменттің ара-жігін айыра алмады, сол үшін оның барлық арам әрекетіне жол беріппін. Қазір оңым мен солымды танып, бұл жол берілмеуі керек нәрсе екенін ұқтым. Сырым менің төстартқышымнан тартып, ешкім жоқта жұмыс орнының ас үйінде мойнымнан сүйген. Компьютер алдында жұмыс істеп жатқанымда артымнан келіп, арқамды уқалаған. Қол тигізудің барлық амалын жасап қалғысы келетін, тіпті, бір рет саныма қолын қойған”, – дейді ол.
Айтуынша, ол өте ұят хабарламалар да жіберген. “Сен жатқан төсекке кофе әкеліп бергім келеді”, “ Мені жазалағаныңды қалаймын”, “Түнде сені ұйықтатып, аяғыңды сипалап, сүйгім келеді” деген сипаттағы сөздер жазған.
Сырым Итқұлов бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, мұны қырындау үшін емес, достық пейіл ретінде қыздарды жақын тартқаны үшін жасағанын айтты.
“Шынымды айтсам, мен ешкімді ренжіткен жоқпын, бірде-бір қызды кемсітіп, төмендетпегем. Мен әрдайым қыздарды қолдайтынмын. Егер біреуін ренжітсем, менің еш арам пиғылсыз жазылған хабарламам, көңіл бөлгенім, лүпіл басқаным және құшақтағаным көңілдеріне тисе, кешірім сұраймын. Біз жақсы дос болғандықтан, ойымда харассмент көрсету болған жоқ. Өзім тумысымнан көпшілмін”, – деді ол.
“Кабинетіне жиі шақырып, кездесудің амалын іздеді”
Тағы бір қыз бастығынан өте ерсі әрекеттер байқағанын, жасы үлкендігіне қарамай ер адам әдептен асып, оған қырындамақ болғанын айтты. Айтуынша, сол қоғамдық қорда әлі де жұмыс істейді. Ол өз аты-жөні мен жұмыс істейтін орынды атаудан бас тартты.
“Бастығым үлкен кісі, мен оның қызымен жасты шығармын. Әйелі, бала-шағасы бар адам. Мен әлі оқу оқып жүрген студент болдым. Алғашында жұмысқа кіргенімде, маған жұмсақтық танытып, қателіктеріме, жұмыстан сұранғандарыма түсіністікпен қарайтын. Содан кейін мені өз кабинетіне жиі шақыратын болды, тіпті маңызды емес мәселе болса да, шақыруға сылтау табатын. Бастығым болғасын “жоқ” деп айта алмадым”, – деді астаналық қыз.
Кейін ер адам қызметкеріне “сұлусыз”, “сүйкімді екенсіз”, “әзірге тұрмысқа шығуға асықпаңызшы” деген сөздер де айтыпты. Бір күні сыйлық сыйламақ болып, үйіне келгенін айтады.
“Менің барлық мәліметтерімді жұмысқа қабылдар алдында білгендіктен, бірде хабарласып, үйімнің алдында тұрғанын айтты. Шошып кеттім. “Сыйлығыңызды табыстайын” деп едім деді. Бас тартсам да, өтініп қоймады, барлық қызметкерлерге табыстағанын айтты. Жарайды деп шығып, сыйлықты алуға келістім. Тосынсыйын берейін деп жатқанда, құшақтап алды. Өзімді өте ыңғайсыз сезініп, сыйлықты алғаным үшін өзімді кінәлі санадым”, – дейді ол.
Айтуынша, осыдан кейін жұмысын онлайнға ауыстырған. Қазіргі таңда да ол қашықтан жұмыс істейді. Алайда бір күні жұмыс бабымен шұғыл кездесу керегін айтыпты.
“Сіздің үйіңіздің маңында жүрмін, сізді алып кетейін” деді. Маған ыңғайсыз әрекеттер жасауын қойғаннан кейін тиіспейді деп ойлап, көлігіне отырдым. Бір кезде жұмыс орнына емес, мейрамханаға апара жатқанын ұқтым, алайда маған ол жаққа апаратынын ескертпеген еді. Мейрамханаға жеткенде, “түстеніп отырып ақылдасайық” деді. Кетуге әрекет жасап, “тойып тұрмын”, аурасы ұнамайды” деп кетуге тырыстым. Бірақ жұмыс үшін өте маңызды деп қоймады. Отырғаннан кейін құрбыларыма “маған хабарласыңдар” деп жазып, шұғыл шаруа шығып қалды деп сылтауратып кетіп үлгердім”, – дейді қыз.
Осыдан соң қыз жұмыстан шығамын деген, ер адам да түсінгендей кейіп танытқан. Қуанышқа орай, жұмыста қалуға басқа әріптестері көндірген. Ол бастығы қазір харассмент жасамайтын болды дейді.
“Көз жасыма қалды”
Шымкенттік келіншек те жұмыс орнында харассментке ұшыраған сәтін еске алды. Ол бұл жағдайды қайтадан еске алғысы келмейтінін, әлі күнге дейін бұл оны ыңғайсыздыққа тірейтінін айтады. Сондықтан аты-жөнін, жұмыс орнын атаудан ол да бас тартты. Келіншек мұның ауыл-аймаққа тарап кетуінен қатты қорыққан.
“Өте аңғал жас қыз едім. Ал маған тиіскен әріптесім егде жастағы ата еді. Ол маған тиісіп, қырындағанда, қатты қорыққам. Ұзақ уақыт бойы одан құтыла алмай, әрең дегенде жайыма қалдырды. Жұмыс істеп отырғанымда, қасыма отырып алады, ұятсыз әзілдер айтады, өзінше “еркелетеді”. Ата-анамның артынан сөз ермесін деп оның бұл әрекеттерін елемей, сөзін естімегендей кейіп танытатын едім. Соның кесірінен жұмыста өзімді жайсыз сезінетінмін. Осыдан соң менің көз жасым жібермесе керек, ол көп ұзамай, бауыр циррозына ұшырап, дүниеден өтті”, – деді келіншек.
Қазақстанда харассмент жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік және арнайы заң қарастырылмаған. Харассмент көрсеткендер көбінесе “қоғамдық тәртіпті бұзу” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуымен шектеледі.
Соған сай депутат Дархан Қыдырәлі елімізде сексуалды сипаттағы қысымға қарсы заңды бекітуді талап етті.