Қол астындағылардан ақша талап еткен: Әдеп кеңесі Лаура Мырзағалиді лауазымынан босату туралы шешім қабылдады
Әдеп кеңесінің өкілдері басы дауға қалған Алматы қаласы бас дәрігерінің орынбасарына қатысты осындай жаза қолдануды сұрады. Алдағы уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл істі тексеріп, нақты шешім шығарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлеріне жаңа жыл қарсаңында бес-алты жалақы көлемінде мерекелік сыйақысы бір күнде аударылған. Ал басқарма басшының орынбасары қол астындағы қызметкерінен сол сыйақының бір бөлігін өзіне аударуды талап еткен бейнежазба тарап кеткен.
Басы дауға қалған Алматы қаласы бас дәрігерінің орынбасары Лаура Мырзағалиге қатысты жүргізілген қызметтік тексеріс аяқталды. Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері лауазымды тұлғаның әрекеті – қызметтік этикаға жат қылық деп бағалады. Олар Мырзағали мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығы үшін атқаратын лауазымынан босату түріндегі жазалау шарасын қолдануды ұсынды.
"Кеңес туралы ереженің 27тармағының 1-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзағалиға ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңның 50-бабы, 1-тармағы, 2-тармақшасының тапатарының бұзғаны үшін атқарған мемлекеттік лауазымынан шығару туралы тәртіптік жаза ұсыну турулы жаза қолданылды", – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев.
Жақында Лаура Мырзағалидің қатысуымен әлеуметтік желіге даулы видео таралған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлеріне жаңа жыл қарсаңында бес-алты айлық көлемде мерекелік сыйақысы бір күнде аударылған. Ал басшының орынбасары қол астындағы қызметкерінен сол сыйақының бір бөлігін өзіне аударуды талап еткен. Бірақ оған көнбей, өзіне қарсы шыққан маманға Мырзағали дауыс көтеріп айқайға басқан. Лауазымды тұлға қылығына қатысты өз уәжін айтты.
"Біз өткен жылы қатты қиналдық.Карантин кезінде жұмыс көп болды. 24 сағат бойы жұмыс істедік. Күн сайын 15 сағат бойы тапжылмай қызмет еттік. Осы адами факторды ексерулеріңізді сұраймын. Өткен жылы қатаң сөгіс алдым. Тексерісте мен демалыс алуды сұраған едім. Себебі қауырт жұмыстан шаршадым. Мен қателігімді түсінемін. Кеңес дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын", – деді Лаура Мырзағали.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевты Әдеп кодексі нормаларының талабын бұзғаны үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тарту ұсынылды. Дегенмен қаланың бас дәрігері орынбасарын ақтап алуға барынша тырысты.
"Өкінішке қарай, дау болғанын мойындаймын. Бірақ мен қарамағымдағы қызметкерімнің пандемияда қарқынды жұмыс істегенін айта аламын. Лаура Мырзағали қызметіне адал болды. Тәртіп орнатты. Ал оны видеоға түсіріп алған қызметкер бәрімізді сырттай түсірген. Мені де талай мәрте түсіріпті. Бірақ қуанышқа орай, мен оған артық сөз айтпадым. Балағат қолданбадым. Сондықтан орынбасарымның әрекетін мен жақтаймын. Ол орынды талап қойған", – деп мәлімдеді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері ұсыныстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберді. Құзырлы орган мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, алдағы уақытты шешім қабылдайды. Осыған дейін Лаура Мырзағали жалған медициналық анықтама жасағаны үшін басы дауға қалған еді. Жауапты орган бұл жайтты да тексереміз деп сендірді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасары "ақша талап еткен" видеосынан соң жұмыстан шеттетілгені туралы хабарлаған едік.