Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда жас ақындар арасында айтыс өтті

Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында Көкшетау қаласының "Достар" мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Тіл мәртебесі – ел мәртебесі" атты жас ақындардың қатысуымен айтыс өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты қазақ халық ауыз өнерін дамыту, жас ақындардың шығармашылық бастамаларын қолдау, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу болып табылады.

Айтыс барысында ақындар республиканың егемендік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын, саяси тұрақтылықты, достықты, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін жырлады.

Ақын Арман Бердалин, Көкшетау қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің жетекшісі, "Шабыт" фестивалінің лауреаты, халықаралық, республикалық ақындар байқауының жеңімпазы Қуаныш Оспан, ақын, жазушы, "Көкшетау" газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев айтыста қазылық жасады.

Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Көкшетаулық жас ақын Нұрмахан Жақыпбек жеңіп алды.

"Шараға қатысып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Айтыскерлердің әрқайсысы шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Айтысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді", - деді Нұрмахан Жақыпбек.
Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
 

Stan.kz
Бейсенбі, 09 Қыркүйек, 2021 21:36
Талқылау