Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда кешегі қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жалғасуда

Көкшетауда кешегі қолайсыз ауа райының салдарын жою жалғасуда. Қатты жел облыс орталығын электр қуатынсыз қалдырып, сауда ғимаратының шатырын жұлып, бірнеше аялдаманы аударып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көкшетау әкімдігінің хабарлауынша, 18 қараша күні кешке соққан желдің салдарынан Мичурина, Ынтымақ және Застанционный көшелері жарықсыз қалған. Қазіргі уақытта  электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

“Ауа райының қолайсыздығынан (күшті жел, жаңбырлы қар) Көкшетау қаласында 47 көпқабатты тұрғын үй жарықсыз қалды. 2-3 сағаттың ішінде электр жарығы қалпына келтірілді”, – делінген хабарламада.

Красный Яр ауылында 115 абоненттік электр қуаты апатты түрде сөніп қалды. Қазіргі таңда Краснояр ауылдық округінде электрмен қамту толығымен қалпына келтірілді.

Сондай-ақ облыс орталығында үш аялдама қатты желден аударылып қалды.

“18 қараша күні кешкі уақытта болған боранның салдарынан үш аялдама құлады. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Көкшетаулықтарды сабырға шақырамыз", - деді Көкшетау әкімдігі.

Сондай-ақ қатты желдің салдарынан "TSUM" сауда үйінің шатыры зақымданған. Сонымен қатар Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, зардап шеккен аумақ 170 шаршы метрді құрады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ведомствоның хабарлауынша, Орталық әмбебап дүкен ғимараты 1982 жылы салынған, жалпы ауданы 340 шаршы метр, шатыры ағаш қаптамада гофрленген қаңылтырдан жасалған.

Ал, құтқарушылар ауа райының қолайсыздығынан бүлінген құрылыстардың жалпы санын әлі де санап жатыр.

Талқылау