Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының отырысы өтті 

Бүгін Көкшетау қаласындағы "Қоғамдық келісім" үйінде  Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша аудан және қала филиалдарының төрағаларымен жиналыс өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа этнос өкілдерінің басын біріктіру шараның басты мақсатына айналды. 

Кездесуге "Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы" қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, аталған қоғамдық бірлестіктің Көкшетау қаласы филиалының төрағасы Ерлан Атамбай қатысып, сөз сөйледі.

Жиын барысында өңірдегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, халық арасында кеңінен насихаттау, мәртебесін көтеру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтылды.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова өз сөзінде Ақмола облысында қоғамның 20 филиалында 102 бастаушы ұйымның құрылғанын және оларға 1000 аса мүшелер тіркелгенін жеткізді.

"Қоғамдық бірлестік еліміздегі саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып ықпалды ұйымға айналуы керек. Сонымен бірге мәслихаттардың және қоғамдық кеңестердің жұмысына араласып, халық сайлаған мемлекеттік органның мүмкіндіктерін қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне бағыттағаны абзал", – деді Алтынай Әміренова.  

Сондай-ақ шарада Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бас мамандары Әсем Жұмағұлова облыстағы ономастика мәселесі бойынша Дулат Қоспанов облыстағы жарнама туралы баяндады. 

Жиын соңында қоғамдық бірлестіктің жұмыстарына қатысты әдістемелік материалдар, кітапшалар таратылды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 17 Маусым, 2022 17:01
Талқылау