Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда ерлі-зайыпты несие рәсімдеп, алаяқтарға 18 миллион теңгені ұстатып жіберген

интернет алаяқ

Көкшетауда ерлі-зайыпты жұп алаяқтардың құрбаны болып, 18 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

10 шілдеде полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға 3 пен 4 шілде аралығында болған. Белгісіз біреу әйелдің ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін "Қазпошта" акционерлік қоғамының қызметкері ретінде таныстырған және салық комитетінен жолданған хат туралы хабарлаған. Артынша "ХҚКО", "Cyberpol" және Әділет министрлігінің атынан бірнеше қоңырау түскен.

Алаяқтар ерлі-зайыптыны олардың атына алаяқтық жолмен несиелер рәсімделгеніне сендіріп, енді өздері де шұғыл жаңа несие рәсімдеп, қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуы керегін айтқан.

Психологиялық қысым мен күйзеліс жағдайында ерлі-зайыпты үш банк арқылы несие рәсімдеп, жалған тұлғалардың шоттарына 18,2 миллион теңге аударған. Кейін бұл қаражатты алғандар Талдықорған, Қарағанды, Астана және Көкшетауда екені анықталған. Қазір алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алаяқтық схемасының ұйымдастырушылары анықталып жатыр.

Полиция азаматтарға ескертеді: ешбір мемлекеттік орган немесе банк телефон арқылы несие рәсімдеуді немесе ақша аударуды талап етпейді. Мұндай қоңыраулар — алаяқтардың айласы. Олар психологиялық қысым көрсетіп, шұғыл әрекет ету керек деген әсер қалыптастырады. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ресми мекемелерге өзіңіз хабарласқаныңыз жөн.

Назархан Уән
Бейсенбі, 10 Шілде, 2025 20:50
Талқылау