Көкшетауда дәрігерлер короновирустан емдеу үшін қымыз қолдануда
Ақмола облысында дәрігерлер коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін қымызды қолдануда. Көкшетаудағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері жанынан ашылған инфекциялық орталықта сырқат адамдарға күн сайын осы шипалы сусын беріледі. Қымыздан бөлек ас мәзірінде қазы-қарта мен сорпа бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Ұлттық тағамдар науқастарға таза ауада, жасыл желектің ортасында ұсынылады. Мамандардың айтуынша, қымыздың адамның иммунитетін көтеруге, азғаны қалпына келтіруге әсері зор. Сусынды тұрақты ішкен сырқат жандардың аурудан айығуы жылдам жүреді. Мәселен соңғы аптада емдеу мекемесінен сауығып шыққандардың қатары көбейген. Осыдан 1 ай бұрын ауруханада 80-90 науқас болса, қазір 38 адам ем алып жатыр.
"Қымыз терапиясын қолданып жатқанымызға 2-апта болды. Өз нәтижесін беруде деп айта аламын. Қымыз - емдеу шараларының тиімділігін арттырады. Туберкулезбен ауырған науқастарды емдеуде қымызды қолданатынбыз. Коронавирус инфекциясымен күресуге де көмектесуде. Қазір емделіп шыққандар көбейді. Тиімділігін осыдан да байқауға болады", - дейді коронавирус инфекциясын емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Лилия Высоцкая.