Көкшетау вокзалында еден жуушылар наразылық білдірген күзетшілердің қызметін атқаруда
Көкшетау теміржол вокзалындағы еден жуушы қызметкер күзетшінің жұмысын атқарып отыр екен. Себебі теміржол вокзалындағы арнайы өткізу бекеттегі төрт ауысымдағы 36 инспектор бір мезетте жұмыстарынан шығып кеткен. Алматыдан келген жаңа ұйым басшылары жұмыс уақытын ұзарып, жалақыны қысқартқан. Ал қауіпсіздікке жауап беретін инспекторлар наразылықтарын осылайша білдіргілері келіпті. Сондықтан қазір еден жуушы бір станцияны жалғыз өзі күзетіп жүрген көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Стратегиялық маңызды нысанның қауіпсіздігіне жауапты мамандар басшыларына жаппай жұмыстан кету туралы арыз жазып кетіп жатыр. Бұған себеп - жаңа басшылықтың қатаң талаптары.
"Бәрін бердік те, кеттік. Біз тастамас едік. Барлық инстанцияға бардық, барлық жерге бардық. Бізді ешкім тыңдамайды. Енді сіздерді бір тәулік істеп, екі күн демалуға өткіземіз деп жатыр. Біз оған келіспейміз. Алдында былай сөйледі, енді басқаша сөйлеп жатыр. Жалақы ВЖДО-да қандай болды сондай болады деді. Енді өтірік айтып, бізді бейшара қылып тұр", - тексеру қызметінің инспекторы Жанғали Төлеубаев.
Атап кетерлік жайт, Көкшетау теміржолы арқылы еліміздің төрт бағытына тәулігіне 26 пойыз қатынайды. Ондағы 10 мыңнан аса жолаушының қол жүгімен қоса олардың өзін тексеру - осы инспекторлардың басты міндеті. Десек те мәселеге түрткі болған жағдайлардың саны жетерлік дейді қызметкерлер.
Жаңадан келген басшылық жұмысшылардың күндік табысын күрт азайтып жіберген. Бұған қоса қолдарында телевизиялық рентген аппаратында жұмыс істеуге рұқсаты бар инспекторларға ешқашан өндірістің зияндығына ақы төленбейген келгені тағы бар. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс жаңа ұйым басшылары неге бұлай істегенін жөнді түсіндіріп, жауап бере алмады. Олардың бар ойы қызметкерлерді жұмыстарына кері қайтару көрінеді.
"Олар «СОП»Күзеттің» басшылығы қойған талаптарға риза болмай тұр. Мен оны шеше алмаймын. Не істеймін? Қалыңдаршы, жұмыс орнына барыңдаршы деп жалынып тұрмын. Әрине, күлкілі емес", - «СОП «Күзет» АҚ Көкшетау бөлімшесі бастығының орынбасары Марат Ахметов.
"Иә, осындай жағдай болып қалды. Қауіпсіздікке біз де жауап береміз. Құрылғыны актілеп, қабылдап аламыз қазір. Алматыдағы басшыларына хабар бердік. Осы жерден маман іздеп жатырмыз. Мәселені тезірек шешуге тырысамыз, - Ақмола теміржолы магистралдық бөлімшесінің бас инженері Анатолий Әбдірахманов.
Ең қызығы, инспекторлардың наразылығын түсіне алмаған басшылық олардың қызметін еден жуушыға артып қойған. Арнайы біліктілігі бар 36 инспектордың жұмыстан кетуге жазған өтінішіне әлі жауап қайтарылмаған. Ал вокзалдағы қауіпсіздік тіпті жайына қалыпты.