"Қоқыстың арасында өмір сүріп жатырмыз": Петропавлда тұрғындар су тасқынынан қираған үйінділер жиналмағанына наразы
Петропавлда тұрғындар көктемде су басқан аумақтың қазір қоқыс алаңына айналғанына наразы. Айтуларынша қираған үйлердің қалдықтарын былай қойғанда мұнда адамдар құрылыс қоқысын тастап жатыр екен. Айнала астаң-кестең деген жұрт биліктен орынды қалпына келтіруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Суға кеткен үйлерден қалған 5 баспана апатты деп танылып, бұзылып жатыр. Ал осы үйілген қоқыстың арғы жағындағы жалғыз баспана тұруға жарамды деп танылған.
“Бір көшеде жалғыз өзіміз ғана қалдық. Қоқыстың арасында өмір сүріп жатырмыз. Қаңғыған ит пен мысық жүр. Тұрғылықты жері жоқ адамдардың ордасына айналды. Қаланың көркін бұзып тұр”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Степаненко.
Былғары зауыт ауданында бұзылған үйлердің үйінділері әлі жиналмаған. Тұрғындардың айтуынша кейбір адамдар тұрмыс қалдықтарын да осы маңайға төгіп жатыр екен.
“Міне қараңыздаршы, құрылыс қалдықтары жан-жақта үйіліп жатыр. Енді осы күйі қалдырып кетсе, таңданбаймыз. Енді бұл жерге топырақ төсеп, тегістеп рекультивация жасау керек. Әйтпесе бүтін бір аудан қоқыс алаңына айналады”, – деді тағы бір тұрғын Сергей Кругашев.
-
"Ресейлік компания алтын өндіреді": Қостанай облысында астық сақтайтын қойманы жарып жіберді (видео)
Ал әкімдіктегілер қаланың үш ауданында баспаналардың 70%-ы апатты деп танылғанын жеткізді. Тұруға жарамсыз деп танылған 1800 баспана жылдың соңына дейін бұзылып, орны абаттандырылады дейді.
“Апатты деп танылған үйлер толық сүріледі. Ал тұруға жарамды үйлер сол жерде қалады. Оларды ешқайда көшірмейміз. Тек маңындағы қоқысты жинастырамыз. Жерді тегістегеннен кейін ағаштар егіледі”, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Бұл өңірде су тасқынынан тек 600 баспана аман қалған. Тұруға жарамды деп танылған үйлер күзге дейін жөнделмек.