"Қоқысты көшеге тастай салу әдетке айналған": Смайылов елдегі қоқыс қалдықтарын жою жүйесіндегі кемшіліктерді атады
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елдегі қоқыс өңдеу мен оны жинаудың ескірген әдістерін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Премьердің сөзінше, қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Смайылов қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналғанын атап өтті.
“Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасауда. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр", - деді Смайылов.
Үкімет басшысы еліміз әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келе жатқынын айтты. Ал мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары экологиялық ахуалды қиындатып отыр дейді.
"Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Әкімдіктер оларды жою үшін қомақты бюджет қаражатын бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. Алайда, атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі", - деді Смайылов.
Смайылов жергілікті атқарушы органдарға 1қарашаға дейін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуі қажет екенін жеткізді.
"Бұған қоса, әкімдіктер осы жылдың соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуы тиіс. Экология министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізуді қамтамасыз етуі керек. Әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуі тиіс. Экология министрлігі қалдықтарды бөліп жинауды, оларды утилизациялау мен қайта өңдеуді енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуі қажет", - деді ол.