Қазақша үйрен: Қоғамдық орындарда қалай тілдесеміз?
Stan.kz Jusan-мен бірге ұсынған жаңа танымдық "Қазақша үйрен” бағдарламасының екінші бөлімі жарыққа шықты. Бұл бөлімде қоғамдық орындарда қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, әдемі сөздер мен тіркестерді қолданып, әңгімелесіп тұрған адамның көңілінен шығу жолдары туралы айтылды. Бағдарлама жүргізушісі Айгүл Дәден әңгіме-дүкен құру кезінде жиы қолданылатын сөздерге талдау жасады.
Екінші серияда қоғамдық орындарда түсінікті әрі мәдениетті сөйлеудің маңызы туралы айтылды. Бейтаныс адаммен әңгімелесу кезінде өз тіліңді көркем әрі таза қолдану қажет. Қазіргі жастардың кейбір сөздері тілге жат әрі бейәдеп көрінеді. Мәселен, тұрақты түрде қолданылатын "брат", "братан" немесе "братишка" сөздерін қазақша әдемі баламасымен ауыстырып, "бауырым" деп атауға болады. Жүргізуші бұл сөздің түпкі мағынасы адам ағзасындағы бауырға қатысты екенін және бауырды ауыстыруға болмайтындай, "бауырым" деп атаған адамды да өзгеге ауыстыра алмайтынымызды айтады.
Бұдан кейін бізге Анастасия мен Вероника такси жүргізушісімен жолаушының диалогын ұсынады. Ол жерден біз бейтаныс адаммен танысу жолдарын ғана үйреніп қоймай, әңгімені қызық әрі пайдалы етіп құрудың жолдарын білеміз. Екеуінің өзара тілдесуі бізді кейіпкерлермен таныстырып қана қоймай, қазақ тілін, салт-дәстүрін үйренудің маңызын ұғындырып, сол білімімізді күнделікті қолданудың маңызы жайлы түсіндіреді.
Енді жүргізуші бізге осы диалогты талдап береді. Әңгімелесуде жиі ең жиі қолданатын сөз "Рахмет". Алайда бұл сөзді қалай дұрыс қолдану қажет? Қазір "үлкен рахмет" деп айтатын адамдар көп. Алайда бұл – қате, орыс тіліндегі "большое спасибо" деген сөздің тікелей аудармасы. Қазақ тілінде алғыс білдіргенде "көп рахмет", "алғысым шексіз" деген жөн.
Әңгіме кезінде Анастасия: "Көзді ашып-жұмғанша жетеміз, бұйырса!" – дейді. "Бұйырса" сөзі "бұйыру" сөзінен шыққан. Яғни "Егер Алла бұйырса" – "если Аллах прикажет (либо даст бог)". Бұл қазақ халқының құдай деген сенімінен шыққан сөз.
Көлікте танысқан Анастасия мен Вероникаға әңгімелескен ұнап, олар қайта кездесуді жоспарлап, кафеге келеді. Бұл жерден біз мейрамханадағы кездесу кезінде айтылатын сөздерді үйренеміз. Оларға келген кафеде тапсырыс беру, даяшымен тілдесу жолдарын ұғынып, тағамдардың қазақша атауларын білеміз.
· Олардың әңгімелесу кезінде қолданған сөздеріне мән беріп, мағынасын түсінеміз:
· Жүрек жалғап алайық – поддержать желудок с небольшим количеством еды, либо перекусить;
· Қолайлы – уютно, комфортно;
· Тапсырыс беру – заказать еду;
· Тіл үйіретін салат – пальчики оближешь, очень вкусный, вкуснятина;
· Әбден – довольно-таки;
Сіз бұл сөздерді күнделікті сөздік қорыңызға енгізіп алсаңыз болады. Жаңа адаммен танысу кезінде, кездесулерде, әртүрлі қызметтерге жүгіну кезінде олар есіңізге түсіп, қазақ тілінің бай әрі көркем тіркестерін қолданып, жаныңыздағы адамға жағымды әсер қалдырасыз.
Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін оңай және қызықты үйрену. Бағдарлама қазақ тілінің бай әрі күрделі сөздік қорын жеңіл түрде ұғынуға мүмкіндік беріп, күнделікті өмірде қолдану жолдарын үйретіп, пайдаңызға жарайды. "Қазақша үйрен" бағдарламасын Stan.kz Youtube-арнасынан көре аласыз!