Қоғамдық орында темекі тартқан астаналық полицейге ескерту жасаған қоғам белсендісі айыппұл арқалады (видео)
Фото: коллаж
Қоғам белсендісі Азамат Кәрімов қоғамдық орында темекі тартып отырған астаналық полицейге ескерту жасаймын деп өзі айыппұл арқалады. Оның үстінен құқық қорғау органы қызметкерінің талабына бағынбау бабымен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғам белсендісі Instagram-дағы жеке парақшасында оқиға болған күні телефонына түсіріп алған видеоны жариялады. Видеодан оның қоғамдық орында темекі тартып отырған полицейге ескерту жасап, шағымданатынын айтқанын көреміз.
"Саябақтар, бульварлар – қоғамдық орын. Сіздің үстіңізден шағымданамын", – дейді видеода Азамат Кәрімов темекі тартып отырған полицейлерге.
Қоғам белсендісі тыйым салынған орындарда темекі тарту бабымен шылым шеккен полицейдің үстінен арыздану үшін полиция қызметіне жүгінеді. Полицейлер келіп, құжатын сұрап, арызды тіркеу барысында қоғам белсендісі қызметтік көлік нөміріндегі жарнама атауын байқап, полицейлерге бұған тыйым салынғанын (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің "Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бабы) ескертеді.
Осы кезде полицейлердің бірі "Менің мемлекеттік нөмірім неге ұнамай тұр?" деп шамданады. Қоғам белсендісінің сөзінше, ол полицейге дөрекі сөйлеп тұрғанын айтып, қызметтік куәлігін көрсетуді сұраған кезде полицей телефонындағы камераны қосып, видеоға түсіре бастаған. Ол қоғам белсендісінен заңды алға тартып аты-жөнін, деректерін айтуды талап етеді. Ал Азамат Кәрімовтің айтуынша, ол арыздану кезінде үш рет құжатын көрсеткен.
"Заң атынан деректеріңізді айтуды талап етемін. Егер кедергі келтірсеңіз, 667-бап екенін ескертемін – полиция қызметкерінің талабын орындамау. Заң атынан жеке деректеріңізді айтуды талап етемін. Айтасыз ба? Сіз полиция қызметкерінің талабын орындаудан бас тартып тұрсыз. Бас тартасыз ба?", – деп сұрайды полицей видеода қоғам белсендісінен. Ал қоғам белсендісі қандай негізде сұрап тұрғанын айтып, аты-жөнін айтудан бас тартып, полиция қызметкерінен куәлігін көрсетуді талап етеді. Осы кезде полицейлер оның қолын қайырып алып кетеді. Мұны желідегі видеодан айқын көруге болады.
Осы жағдайдан кейін сот болып, судья полиция қызметкерінің талабына бағынбау бабы бойынша қаулы шығарып, қоғам белсендісіне 117 мың теңге айыппұл салған.
Ал қоғам белсендісі Азамат Кәрімов Астана полицейлерін қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып отыр деп айыптап, мемлекеттік органдар Есіл аудандық полиция бөлімінде болып жатқан заңсыздыққа назар аудару үшін бар күшін салатынын мәлімдеген.
Stan.kz редакциясы мән-жайды анықтау үшін Астана полиция департаментіне сауал жолдады.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
