Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасым үшін алаңдап, оларды Шымкент қаласына көшірдім": Қазақстандық жігіт фейк ақпараттан қалай зардап шеккенін айтып берді

Сенімді ақпарат пен манипуляция арасындағы шекара барған сайын бұлыңғырланып барады. Демек бұл жалған ақпаратты бірден тани алмайтын және сипатталған фактілерге сөзсіз сенетін оқырмандар үшін қауіп төндіреді. Фейк жаңалықтардың қоғамға зияны артқанын жалған деректерден зардап шеккен адамдардың мысалынан байқауға болады. Бұл жағдайлар оқырмандар арасында сыни ойлауды жақсарту, сонымен қатар ақпарат таратушылардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Фото: gubdaily.ru

"Шымкентте атом бомбасы жарылады"

2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болып, қоғам арасында түрлі қауесеттер тарады. Оның бірі шындыққа жанасса, енді бірі өтірікке ұласты. Сол сәтте желіде Түркістан облысы тұрғындары арасында Арыстағы өртті сөндіру үшін Бөген су қоймасы ашылады деген ақпарат тараған еді. Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық әкімдігі Бөген су қоймасы ашылады деген мәліметті жоққа шығарғанымен, бұл ақпар көпшіліктің сеніміне селкеу түсіргендей болды. 

"Арыс қаласындағы әскери қоймада болған төтенше жағдай бойынша Бөген су қоймасында ешқандай да штаттан тыс әрекеттер іске асырылмайды. Тұрғындарды әлеуметтік желілердегі қауесет сөздерге сенбеуге, сабырлылыққа шақырамыз", – деген еді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ресми хабарламаны естіген тұрғындар сонда да жүктерін жинап, үй жайын тастап, қырға қарай қаша бастады. Сол сәтте жалған ақпараттың құрығына түскен түркістандық Ернұр есімді тұрғын өзі басқа қалада болса да отбасы үшін алаңдағанын жеткізді. 

"Ол кезде өзім Павлодар қаласында жұмыста болдым. Отбасым түгелімен ауылда қалған еді. Ауылдастардың бәрі заттарымызды жинап, көлік жалдап, қалаға қарай көшіп жатырмыз, бүгін түнде Бөген су қоймасын ашса тұтас аудандарды, ауылдарды су басады деген хабарлама алдық деді. Оның үстіне бүкіл Түркістан облысында атом бомбасы жарылады деген ақпарат та тарап есімді шығарды. Сол сәтте отбасым үшін алаңдап, ауылдағы туыстарыма хабарласып, көлік жалдап, оларды Шымкент қаласына қарай көшірдім", – деді ол. 

Шын мәнінде Арыстағы жарылыс кезінде "Көршілер, шұғыл хабар. 2 сағатта Шымкентті босату керек. Қазір атом бомбасы жарылады, тезірек үйлеріңнен шығыңдар", – делінген ақпарат тарады. 

Алайда елді елең-алаңға салған хабарлама жалған болып шықты. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті ресми ақпарат таратып, бұл мәліметті жоққа шығарды. 

"Құрметті облыс тұрғындары! Қазіргі уақытта Түркістан облысында əлеуметтік желілер арқылы Арыс қаласында атом бомбасы жарылады деген жалған мәліметтер таратылуда. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлап, осындай жалған мәліметтерге сенбеулеріңізді сұрайды", – делінген хабарламада. 

Қаңтар оқиғасы кезінде қырғыз азаматтары бүлік шығарды

Мұндай сарындағы фейк ақпараттар қатары толассыз. Сондай ақпараттар ағынын Қаңтар оқиғасы туындатты. Соның бірі "қырғызстандық азаматтар Алматы аумағында бүлік жасап, халықты тонап жатыр" деген ақпарат.

Instagram және Telegram арналарында Қырғызстан азаматтарының қаңтар айындағы оқиғаларға қатысы бар екендігі туралы ақпарат тарады. Дәлел ретінде бұл пабликтер ұсталған қырғызстандықтардың төлқұжаттарының фотосуреттерін жариялады. Алайда кейіннен анықтай келе бұл суреттердің интернетте бұған дейін таралғаны белгілі болды. Төлқұжаттың бір суреті Ресейде 2019 жылы қырғызстандықтарды ұстау кезінде түсірілген. Ол суреттердің Қазақстандағы Қаңтар оқиғасын қатысы жоқ екені анықталды. 

Терроризмге қатысы бар деп, Қырғызстан азаматы ұсталды. Көп ұзамай бейнежазбадағы адам Алматыға гастрольге келген қырғыз джаз музыканты Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі музыкант қалаға 2 қаңтарда концерт өткізу үшін келгенін мәлімдеді. Осыдан кейін Қазақстанның құқық қорғау органдары видеодағы ер адам Викрам Рузахунов емес, 1990 жылы туған, Қырғызстаннан келген Закир Убуров деп мәлімдеді. Нәтижесінде музыкантты босатты, қазіргі таңда ол Бішкекте. Алайда ол Қаңтар оқиғасы кезінде құрыққа түсіп, полицияда азапталған. Тіпті қырғыз азаматы кейіннен әділет үшін күресетінін айтып, өз еліне ештеңе болмағандай қайта алмайтынын жеткізген еді. Айта кетейік, үш күн қамауда болған қырғыз музыканты 2022 жылдың 10 қаңтарда Қырғызстанға қайтарылған еді. 

Неліктен біз жалған ақпаратқа сенеміз?

  • Кейде адам санасы өзі сенгісі келетін және дүниетанымына жақын нәрсеге сенеді. Үгіт-насихат жүргізушілер осыны пайдаланып, түрлі фейк ақпараттарды шығарып, көпшілікті шатастырып жатады;
  • Жалған хабарламалар көбіне қандай да бір эмоцияны тудыруға арналған. Эмоция интеллектке ақпаратты талдауға және сынауға кедергі жасайды;
  • Әдеттер адамдар таныстарына, жақындарына сенеді;
  • Апатты жағдай кезінде адам шындықты өтіріктен ажырата алмай қалады. Мысалы, біз ғаламторда тарап жатқан ақпараттарды секунд ішінде тұтынамыз, жариялаймыз. Оны талдап отыруға мүмкіндік де болмайды. Себебі шұғыл жағдай жедел әрекет етуді қажет етеді;
  • Кей адамдар жаңалықтарды егжей-тегжейлі оқып жатпайды, тек тақырыпты немесе сипаттаманы оқиды. 
Талқылау