Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМДБ мерт болған адамның ағзасын трансплантациялауға қатысты пәтуа шығарды

ота pixabay

Фото: Pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі қайтыс болғаннан кейін дене мүшелерін донорлыққа рұқсат ету туралы пәтуа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Хожамұратов донорлық мәселесіне жауап берді.

“Адам ағзасы – аманат, оны сол күйінде қайтару керек деген сөздерді естіп жүрміз. Аманат ұғымына келетін болсақ, Исламда салауатты өмір салтын ұстану – парыз. Соған қатысты аманат деп айтылады. Бірақ оларды пайдалануға келісу шариғат заңына қайшы емес. Сондықтан тірі адамнан тірі адамға немесе өліп жатқан адам қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға келісім берсе, ол шариғат бойынша рұқсат етілген, бұл ереже бұзушылық болып саналмайды”, – деді Хожамұратов.

Айтуынша, ҚМДБ осыдан бірнеше жыл бұрын осы мәселеге қатысты пәтуа шығарған. Пәтуа ресми діни құжат болып саналады. Онда пәтуа шығару жөніндегі беделді халықаралық ұйымдардың тәжірибесі, ғалымдардың пікірлері ескерілген.

"Тірі адамнан екінші адамға ағза трансплантациялау белгілі бір шарттарда рұқсат етілгені туралы пәтуа шықты. Бұл құжат Құран мен Сүннетке, ғұламаларымыздың пікірлеріне негізделген. Сондықтан діни алаңдаушылық болмауы керек деп есептейміз. Дегенмен кейбір адамдар бұған дайын болмауы мүмкін, жеке сенімдері шешім қабылдауға кедергі болуы мүмкін", – деді пәтуа бөлімінің маманы.

Баспасөз мәслихаты барысында денсаулық сақтау министрлігінің трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина қазір тірі донорлықтың дамып келе жатқанын, бірақ қайтыс болғаннан кейінгі донорлық маңызды болып қала беретінін мәлімдеді. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 18:42
Талқылау