"Клиент пікірі ескеріледі": Елімізде вагондар жаңартылып, жолаушылар үшін барынша ыңғайлы етілмек
"Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры Питер Штурм компанияның 2020 жылғы жұмыс нәтижелерін жариялап, келесі жылға жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ қызметінің 2020 жылдағы бағыттарының бірі – клиентке бағдарлануды дамыту және қызметтердің сапасын арттыру.
Штурм мырзаның айтуы бойынша, клиенттің мүдделері мен қажеттіліктеріне тікелей бағытталған компания өркендеп, гүлдене түседі.
Тасымалдаушы вагон паркін жаңарту үшін қажеттінің бәрін жасауда. Жыл басынан бері компания 2020-2029 жылдарға арналған жылжымалы жолаушылар құрамын жаңарту стратегиясын жүзеге асыруда. Оны жүзеге асыру аясында 469 бірлік жаңа жолаушылар вагондары мен 26 вагон-электростанция сатып алу жоспарланып отыр. Сатып алынатын вагондарға қойылатын талаптар Deutsche Bahn-мен бірлесе отырып әзірленді. Вагондар халықаралық стандарттарға сай келеді әрі барлық жолаушылар тобы үшін, ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы және қолжетімді болмақ. Ол үшін "Тұлпар" вагон құрастыру зауыты" ЖШС базасында вагондар өндірісін ұйымдастыру үшін стратегиялық серіктесті тартуға арналған халықаралық байқау өткізілді. Байқау нәтижелері келесі жылдың қаңтар айының соңында жарияланады.
"Тендер Deutsche Bahn бақылауымен өткізілуде және тендер шарттарын да DB-ның өзі құрған. Қазіргі уақытта тендер бойынша ұсыныстар бағаланып жатыр. Ұсыныстар ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында келіп түсті, қазіргі уақытта Deutsche Bahn келіп түскен ұсыныстарды бағалауда. Конкурс нәтижелері бойынша не істеу керектігі тұрғысынан мәселе 2021 жылдың бірінші тоқсанында айқындалады", - деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры.
ҚТЖ-ны "тыңдай білетін" компанияға айналдыру үшін де көп нәрсе жасалуда.
Қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жолаушылармен алғашқы онлайн кездесу өткізілді. Мұндай кездесулерді бәрінен хабардар болып отыру мақсатында тұрақты түрде өткізіп тұру жоспарлануда. Сондай-ақ, Штурм мырза Қазақстанға саяхаты аясында жолаушылармен кездесіп, олардан вагондардың тазалығы мен ұқыптылығына қатысты салыстырмалы түрде жақсы пікірлер алды.
"Біз вагондарға тоңазытқыштар мен микротолқынды пештер орнату туралы шешім қабылдадық. Осылайша жолаушыларымызға өз өнімдерін сақтауға және оларды жылытуға мүмкіндік беруді мақсат еттік. Одан бөлек, біз өзге аспектілер төңірегінде де мүмкіндіктер ашуды ой елегінен өткізгіміз келеді. Мысалы, отбасылық купелерді енгізу. Яғни, бұл қызмет балалармен саяхаттайтын отбасыларға бағытталатын болады. Бұл біздің идеяларымыздың кейбір мысалдары ғана. Келесі жылы өтетін бұл іс-шаралар біздің қызметтерді жолаушыларға барынша қолайлы етіп өзгертуге бағытталған", - деп қосты спикер.
Бірінші жартыжылдықта, осы және өзге де идеялар ойластырылатын болады.
"Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап біз санитарлық тораптарды ауыстыра бастадық және оны 564 стандартты вагондарда ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, ескі санитарлық тораптар алынып тасталып, жаңа санитарлық модульдер орнатылады", - деп толықтырды ол.
Спикер өз сөзі барысында компанияның қоршаған ортаны жақсарту бойынша белсенді жұмысын жалғастырып жатқандығын да атап өтті. Мәселен, келесі жылдан бастап пойыздарда қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылады.
Онлайн билеттер сатылымын оңтайландыру бойынша да көптеген жұмыстар жасалды. Қазіргі уақытта жолаушылар алдын ала тіркеліп, пойыздардағы бос орындарға билеттер сатып ала алады. Қазіргі уақытта Кезек күту парағы қызметіне 319 мыңнан астам адам жүгініп үлгерді.
Баламалы таңдау ретінде т/ж билеттерін онлайн режимде сатып алудың бірнеше жолы ұсынылып отыр. Мәселен, билеттерді сатумен айналысатын интернет-ресурстар арқылы және бүкіл ел бойынша тұрғын үй кешендерінде, супермаркеттерде, кеңсе ғимараттарында және т.б. жерлерде орналасқан 30 000-ға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары арқылы билетті сатып алуға болады. Қазіргі уақытта билеттердің 50% -ы интернетте сатылуда.
Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанынан бастап компания жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жолсеріктерге бағытталған қосымша ынталандыру жүйесін енгізді. Осы мақсаттарға келесі жылы шамамен 700 миллион теңге жұмсау жоспарланып отыр.
"Мен компанияда оңтайландырудың өте жоғары әлеуетін көріп отырмын және болашақта "Жолаушылар тасымалы" ең заманауи әрі тиімді компаниялардың бірі болатынына сенімдімін", - деп қорытындылады Питер Штурм.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Deutsche Bahn менеджерлер командасымен бірлесе отырып "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның бәсекеге қабілеттілігін және клиентке бағдарлануын арттыру бағдарламасы іске қосылды.
Қазіргі уақытта компания клиентке бағдарлану, операциялық тиімділік, жұмыс процестерін автоматтандыру және жылжымалы құрамды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
