Клиент құқығы күшеймек: Қазақстанда сақтандырушыларға жаңа міндет жүктеледі

Қазақстанда сақтандыру компанияларының жұмысын реттейтін жаңа ережелер жобасы ұсынылды. Құжат сақтандыру шарттарын ашық етуге, клиенттердің құқықтарын күшейтуге және компаниялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Жоба қазір қоғамдық талқылауда, ұсыныстар 25 ақпанға дейін қабылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда сақтандыру саласын реттеуді күшейту жоспарланып отыр. Жаңартылған ережелер жобасы клиенттермен жұмыс істеу талаптарын кеңейтіп, сақтандыру қызметтерінің шарттарын нақтылауды көздейді. Негізгі мақсат сақтандырушыларды адал әрекет етуге міндеттеу болып отыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, сақтандыру компанияларының клиенттермен өзара іс-қимылына бақылау күшейеді. Сақтандыру өнімдерінің шарттары барынша ашық болуы тиіс, ал тұтынушылардың құқықтары жақсырақ қорғалмақ. Қызметті жарнамалаудан бастап рәсімдеуге дейінгі барлық кезеңде ақпаратты ашып көрсетуге бірыңғай талаптар енгізіледі.
Жоба аясында мінез-құлықтық қадағалауды дамытуға бағытталған жаңа реттеу тетіктері енгізіледі. Атап айтқанда, адал қызмет көрсету қағидаттарын бекіту, жауапты сақтандыру талаптарын енгізу, келісімшартқа дейін қаржы өнімі туралы негізгі шарттарды қамтитын ақпараттық құжат беру және өнімнің тұтынушыға сәйкестігін бағалау қарастырылған.
Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкиннің айтуынша, түбегейлі өзгерістер болмайды. Түзетулер сақтандыру компаниясы мен клиент арасындағы қатынасты нақтылап, теңестіруге бағытталған.
"Клиент өз құқығын теріс пайдаланбауы үшін және сақтандыру компанияларының менеджерлері мен агенттері тұтынушыны жаңылыстырмауы үшін талаптар нақтыланады. Сондай-ақ компаниялардың сайттары мен кеңселерінде сақтандыру өнімдері туралы ақпаратты барынша түсінікті әрі қолжетімді түрде ұсыну тәртібі айқындалады", – деді Виталий Веревкин.
Ал қаржы сарапшысы Бекнұр Кісіков бұл өзгерістердің қажеттілігі бұрыннан айтылып келе жатқанын атап өтті. Реттеу болғанымен, сақтандыру саласында мәселелер әлі де бар.
"Сақтандыру компанияларының қызметі реттелгенімен, шағым көп. Барлығына бірдей емес, бірақ көп жағдайда адамдар сақтандыру төлемдерін ала алмай әуре болады. Қағазбастылық созылады. Кейбір компаниялар ашылғанымен, олардың қаржылық негізі жеткіліксіз болуы мүмкін", – деді Бекнұр Кісіков.
Сонымен қатар сақтандырушылар қауымдастығы кейбір қызметтердің шығынды екенін айтады. Мәселен, автосақтандыру бойынша шығын деңгейі 110 пайыздан асқан. Бұған жол-көлік оқиғаларының көбеюі, жолдағы өлім-жітімнің артуы және техникалық қызмет көрсету станциялары қызметінің қымбаттауы себеп.
Осы ретте қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов тарифтер мен тәуекел коэффициенттері қайта қаралмаса, жүйе жүктемеге төтеп бермеуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл ақыр соңында автокөлік иелеріне әсер етуі ықтимал.
"Әділдік қағидаты енгізілуі керек. Автосақтандыруда немесе мүлікті сақтандыруда ұқыпты жүргізетіндер тәуекелі жоғары жүргізушілерге қарағанда аз төлеуі тиіс. Мысалы, бір адам жыл ішінде бес рет жол апатына түсіп, бәрібір менімен бірдей төлесе, дұрыс емес", – деді Расул Рысмамбетов.
Құжат жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтар өз ұсыныстары мен ескертулерін 25 ақпанға дейін "Ашық НҚА" порталында қалдыра алады.
- Partners & Consultants арқылы өмірін сақтандырғысы келген қазақстандықтар 620 миллион теңгесінен айырылды
-
1 қаңтардан бастап қазақстандықтар Грузияға кіру үшін медициналық сақтандыру алуға міндеттеледі
Еске салайық, бұған дейін жұмыссыз қазақстандықтар келер жылы медициналық сақтандыруға жергілікті бюджет есебінен қол жеткізе алатынын жазған едік. Министрліктің мәліметінше, қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде шамамен 16,8 миллион адам сақтандырылған, оның 12,3 миллионы жеңілдік санатында екенін айтты.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты