Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"300 миллион теңгеден сыйақы тағайындаған": Бас прокуратура футбол федерациясында қаржыны қалай жымқырғанын айтып берді

Бас прокуратура Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубтарына тексеріс жүргізіп, басқарудағы тиімсіздік пен 3 миллиард теңге қаржылық заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Бас прокуратура футбол саласында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілерін анықтады.

Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 миллион теңгеден астам негізсіз сыйақы төлеген.

Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғардағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 миллион теңгеден аса төлем жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.

“135 миллион теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады. Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген”, – делінген хабарламада.

"Ордабасы", "Ақтөбе" және "Жетісу" футбол клубтарындағы тексерістер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталды.  

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін қаржылық мониторинг агенттігіне берілді. Бас прокуратура спорт саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады”, – деп мәлімдеді бас прокуратура.

Еске салсақ, бұған дейін спорт министрлігі спортшылар арасында діни ағымдар таралғанына алаңдаулы екенін жаздық. 

Талқылау