Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызметкер дәретханаға жиі барғаны үшін жұмыстан қуылды

Қызметкер дәретханаға жиі барғаны үшін жұмыстан қуылдыФото: sasirin pamai / Shutterstock / Fotodom

Қытайда Ли тегімен тіркелген ер адам өзін жиі дәретханаға барады деген себеппен жұмыстан шығарған компанияны сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Компания өкілдері сотқа бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларды ұсынған. Онда инженер Лидің бір ай ішінде 14 рет дәретханаға шыққаны көрінеді. Әр жолғы үзілісі әдетте бір сағаттан ұзаққа созылған. Ең ұзақ барған кезі төрт сағатқа дейін созылған.

Лидің айтуынша, мұның бәрі оның денсаулығына байланысты. Ол геморрой дертіне шалдыққанын айтып, соны растайтын қажетті дәрілер алынған түбіртектер мен жасалған отаға қатысты құжаттарды да көрсеткен.

Алайда бұл құжаттардың күні Ли жұмыстан шығарылғаннан кейінгі кезеңге жасалған болып шықты. Компания өкілдері ер адам денсаулық жағдайы туралы басшылығын алдын ала ескертіп, еңбек шартында көзделгендей уақытында еңбекке жарамсыздық парағын алуға тиіс еді деп атап өтті.

Сот Лидің дәретханада оның ағзасына қажет мөлшерден әлдеқайда көп уақыт өткізгенін мойындады. Алайда сонымен қатар компанияға оны жұмыстан шығарып жібергенмен, ұйымның дамуына қосқан еңбегін ескеріп, Лиге 30 мың юань (2,2 миллион теңге) өтемақы төлеуді міндеттеді.

Айта кетейік, бұған дейін 10 жыл бойы жұмысқа бармай жалақы алған қызметкер түрмеге қамалғаны хабарланған еді. 

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 18:28