Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызметке келмей тұрып меңгеріп алуы қажет еді": Қазақстандықтар әкімдердің халықпен тілдесуден қашып, сөздерін қағазға жазып алатынына шүйлікті

Қағазға қарап оқыған Жетісу облысы әкімі Бейбіт ИсабаевФото: Видеодан скрин

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде шетелдік кампустың ашылу рәсімінде сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұртшылықтың сынына ұшырады. Әкімнің мәтінді қағаздан оқып, көзін аудармай сөйлеуі әлеуметтік желі қолданушылары арасында жасандылық пен дайындықтың жоқтығы ретінде қабылданды. Мұндай жағдай Жетісу өңіріне ғана тән емес, басқа облыс әкімдерінің де халық алдында еркін сөйлей алмауы жиі сынға ілігіп жүр. Бұл жағдайға қатысты Stan.kz саясаттанушыдан пікір сұрады.

Бейбіт Исабаев 2022 жылдың маусымынан бері туған өңірі Жетісу облысының әкімі. Үш жылдан астам уақыт ішінде жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы танып, өңірдің мәселесін шешіп келеді.

Дегенмен көпжылдық тәжірибесі бар тұлғаның жуырда халық алдында қағазға қарап сөйлеуі кей оқырмандардың көңілінен шықпаған. Әлеуметтік желіде өңір жұртшылығы әкімнің жаттанды мәтінге сүйенгенін сынап, пікір қалдырды.

“"Құрметті елші, министр мырза. (і.і....і.і) Жер жәннаты Жетісу өңіріне қош келдіңіздер. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Италияның Марко политехникалық университетінің филиалы ашылған еді. Бүгін осы филиалға арнап салынған жаңа компустың ашыуы құтты болсын. Еуропаның жоғары орнының (ы.ы.ы.ы) осы компусты салуға келіскеніне біз қуаныштымыз. Бұл екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадам болып отыр", – деп қалған сөйлемдерді тоқтамай тез оқып шығады.

Осы ретте саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтің айтуынша, әкім лауазымы тек басқарушылық қабілеті емес, коммуникация, көшбасшылық және көпшілікке сенімге ие болуды талап ететін қызмет.

"Әкімдік жұрт алдында тік тұрып сөйлей алатын, халықтың тілін білетін, жанын түсінетін тұлғаның жұмысы. Мұндай қабілетті ол әкім болмастан бұрын-ақ меңгеріп алуы қажет еді. Қобалжу, мәтінге байлану бұл дайындықтың жеткіліксіз екенін көрсетеді", – дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол әкімдердің қазіргі жағдайына белгілі бір дәрежеде түсіністікпен қарауға болатынын айтты. Себебі бір ғана адамның иығына бүкіл өңірдің экономикалық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелері жүктеледі дейді ол.

"Ашығын айтқанда, әкімдердің мойнындағы жүк ауыр. Бір күнде жол, су, білім, денсаулық, тұрғын үй, жұмыссыздық сияқты көптеген мәселені шешуге тура келеді. Мұндай жағдайда көпшілікпен сөйлесуге уақыт не психологиялық күш әр кезде табыла бермейді. Бірақ мұны сылтауратып, халықтан алыстауға себеп болмауға тиіс", – деп атап өтті Аман Мәмбеталиев.

Саясаттанушының айтуынша, кейінгі жылдары әкімдердің ашық бола бастағаны байқалады. Бұрынғы "Ескі Қазақстанмен" салыстырғанда, бүгінгі әкімдер әлеуметтік желіде жиі шығып, қоғаммен диалог құруға тырысып жатыр дейді Аман Мәмбеталиев.

"Жаңа буын әкімдер Instagram, Facebook секілді алаңдарда халыққа есеп беріп, проблемаларды көтеріп, тікелей эфирге шығып жүр. Бұл – оң қадам. Бірақ ашықтық деген тек интернетке жазба қалдыру емес, тірі адаммен тілдесе білу, кейде сынға да сабырмен жауап беру керек", – дейді сарапшы.

Сонымен бірге Аман Мәмбеталиев әкімнің мінбердегі сөзі мен нақты әрекеті арасында үйлесім болу керек екенін айтады.

"Халыққа ұнау үшін жасанды пафоспен сөйлеу, жаттап алған тіркестермен шектелу – бұрынғы басқару тәсілдерінің сарқыншағы. Қазір қоғам өзгеріп жатыр. Адамдар шынайылықты, ашықтықты, нақты уәде мен оның орындалуын күтеді. Сондықтан әкімнің рөлі де трансформацияға ұшырауға тиіс. Әкім халықпен бірге, халықтың ішінде жүруі керек. Ашықтық, диалог, шынайы қарым-қатынас сенімді басқарудың басты шарттары деуге болады. Бұл халық үшін ғана емес, әкімнің өзі үшін де тиімді. Өйткені халық қолдайтын әкімге жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл әрі нәтижелі болады", – деді Аман Мәмбеталиев.

"Жыл сайын бірдеңе бүлдіресіз": Әкім мас күйде көшеде теңселіп жүргені үшін 9 мың теңге айыппұл төледі


“Хит әкім": TikTok жүргізіп, мәселені қарайтын Талғар әкімі қазақстандықтарды сүйсіндірді


Еске салайық, 2024 жыл қазақстандық шенеуніктер мен депутаттар үшін күлкілі мәлімдемелер мен даулы ұсыныстарға толы болды. Бірі шегірткені халал өнім деп жұртты таңғалдырса, енді бірі әйелді 15 тәулікке қамауды ұсынды. Иттерді кастрациялауға қарсы шыққан депутат өзін де "көбейгісі келетін тіршілік иесіне" теңеп, күлкіге қалды. Қазақ тілін француз тілімен шатастырған бапкерге айыппұл салынса, “массмедиа” сөзінің мағынасын білмеген депутат тағы да сөз төркінін түсінбей елді шулатты.

Бірі “мектепте орыс тілінен беске шыққанын” айтып, жер сілкінісі ескерту жүйесін ақтаса, енді бірі елге “көп табыс табыңдар” деп кеңес берді. Осылайша, биыл да депутаттар мен лауазым иелері өз сөздерімен жұрт назарынан түскен жоқ. 

STAN.KZ
Жұма, 18 Шілде, 2025 18:09
Талқылау